Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов муай-тайдан ел чемпионатында жеңіске жеткен ақтаулық спортшыларды қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17-21 шілде аралығында Петропавл қаласында муай-тайдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Бұл жарыста жалпы 250 спортшы, оның ішінде Манғыстау облысынан 12 спортшы бақ сынаған. Чемпионат қорытындысы бойынша 57 келі салмақ дәрежесінде Нұрас Ғабит І орын, Алихан Аяпбергенов ІІ орын иеленді. Бапкері - халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жәдігер Ержанов. Ал 60 келі салмақ дәрежесінде жаңаөзендік Альбина Сауле алтын медальға ие болды. І орынға ие болған спорт шеберіне үміткер ақтаулық Нұрас Ғабит пен жаңаөзендік Альбина Сауле әлем чемпионатына жолдама алды. Қала әкімі жастарды спортқа баулудың маңыздылығын айтып, спортшыларға алғыс хат табыстады.
-Салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Қалада жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жас спортшыларымыздың кәсіби түрде шыңдалуымен қатар, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлделі орын алуына да мүмкіндік береді. Білім, спорт саласында жетістіктерге жеткен өңір жастарын мақтан тұтамыз. Алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын. Ақтау қаласының намысын әлемдік аренада қорғайтын жүлдегерімізге жеңіс тілеймін, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.