Осы демалыс күндері Ақтау қаласының теңіз жағалауында 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында қала тұрғындарының арасында мас рестлингтен жарыс өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Теңіз жағалауына жиналған халық мас-рестлингтен өзара бақ сынасты, әсіресе, бүлдіршіндердің ықыласы ерекше болды. 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алдында спорт түрлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа тұрғындар қызығушылық танытып, бұл ойын түрімен танысты.
Мас-рестлинг (таяқ тартыс) – Ресейдің солтүстік халықтарының ұлттық спорт түрі.
Мас-рестлингте қарсыластар бір-біріне қарама-қарсы отырып, аяқтарын оның шетіне қойылған тақтайға тіреп, екі қолымен таяқшаны ұстайды. Жеңіске жету үшін спортшы қарсыласының қолынан таяқты жұлып алуы немесе оны таяқпен бірге өз жағына тартуы керек. Кездесу бір балуанның екі жеңісіне дейін созылады.
Қазіргі таңда маңғыстаулық спортшыларда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 5 жолдама бар.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Сондай-ақ барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.