Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы №10 мектептің мұғалімдері жаңадан тағайындалған мектеп директорына шағым білдіріп, видеоүндеу жолдаған болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осыған орай Маңғыстау облыстық білім басқармасы жауап беріп, бейнеүндеуде көрсетілген мәселелер биыл сәуір айында қаралып, тиісті шаралары алынып, ресми жауаптары берілгенін атап өтті. Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева мектеп ұжымымен кездесіп, барлық мәселелер жан-жақты талқыланған, барлық сұрақтарға жауаптар беріліп, түсінік жұмыстары жүргізілген.
“8-24 сәуірі аралығында мектеп директоры Күмісай Абдыкадырова мен аудандық білім бөлімінің ұсыныстарына сәйкес, мектепте МО білім басқармасы 2021-2023 жылдардағы оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуына, кадрлық мәселелерге, қаржы-шаруашылық, есептік т.б. қызметіне зерделеу жұмыстары жүргізді. Нәтижесінде көптеген заңбұзушылықтарға жол берілгені (кейбір қызметкерлерге жалақыдан артық ақша төлеу, штаттық кесте мен бұйрықтардың сәйкессіздіктері, штаттық кестеде жоқ лауазымдарға адамдар қабылдап, оларға төлем жасалғаны, тиісті кәсіби білімі жоқ қызметкерлерді, сондай-ақ бұрынғы мектеп директорының жақын туысының қаржы қызметкері ретінде жұмысқа қабылданғаны, оларға және мектепте жұмыс істемейтін тұлғаға еңбекақы төленгені, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің бұзылғаны, мемлекеттік мекеменің мүлкіне түгендеудің жүргізілмегені және т.с.с.) анықталды”, деп хабарлады облыстық білім басқарамасы.
Заң талаптарына сәйкес толық тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау және қаржылық тексеру органдарына жолданды.
“Өкінішке орай, бейнеүндеу жолдаушы қызметкерлердің бірқатарына да артық қаражаттар аударылып, штат кестесінде жоқ лауазымда жұмыс істеп, жалақы алып жүргендері белгілі болды”, деді Білім басқармасы өкілдері.
Бүгінгі таңда мектеп директоры Күмісай Абдыкадырова тарапынан жоғарыда аталған заңбұзушылықтарды жою, штаттық кестені қалпына келтіру, білімі туралы дипломы сәйкес келмейтін, заңсыз жұмысқа қабылданған қызметкерлерді босату т.б. жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, атаулы мектепте Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан да тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қызметкерлерді заңсыз қызметтен босату, қуғындау фактілері анықталған жоқ.