Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы №10 мектептің мұғалімдері "мектеп директоры қысым көрсетті" деп аудандық білім бөліміне шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ал Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм арнасына шағымданған жазба иесі жолдаған бейнеүндеуде «Мұнайлы ауданы, Батыр ауылындағы №10 мектеп директоры мұғалімдерге қысым көрсетіп, лауазымдық қызметін асыра пайдаланды» деп шағым айтқан.
- Біз мектеп басшысының қысымына қатысты ұжымдық шағым жазып, аудандық білім бөлімінің басшысына уәжімізді айтқан болатынбыз. Алайда әлі күнге дейін нақты жауап ала алмай отырмыз. Ұжымдық шағымымызды қанағаттандырмай, бейнеүндеу жолдауға мәжбүр болып отырмыз. Мектеп басшысы қызметінен босатылуын талап етеміз, - дейді бейнеүндеу жасаған мұғалімдер.
Ал мектеп басшысының айтуынша, мектеп әкімшілігі тарапынан мұғалімдерге ешқандай қысым болмаған.
- Мен конкурс бойынша, №57 бұйрықпен Мұнайлы ауданы, Батыр ауылындағы №10 мектептің басшысы ретінде тағайындалдым. Тағайындалған күннен бастап, лауазымымды ақ адал атқарып жүрмін. Мектеп мұғалімдерінің жеке іс-қағаздарын тексеру барысында бұрын арнаулы орта білімді мұғалімдерге жоғары білім деңгейі бойынша жалақы төленіп келгенін білдім, - дейді мектеп директоры Күмісай Қансұлтанқызы.
Одан бөлек мұғалімдер мектеп директоры «концертке билет алуға міндетті» деп арызданып отыр. Күмісай Қансұлтанқызы болса билет сатып алуға міндеттемегенін айтады.
- Наурыз мерекесі қарсаңында өлкемізге халық әншісі Роза Рымбаева келді. Әншінің аудандарды аралап берген концерті бойынша мұғалімдердің қатысуын сұрадым. Бұл – тегін концерт. Оған ешкімді қыстап, күштеп апарған жоқпын. Осындай жұмыстарды көре отырып, мұғалімдер қысым көргенін айтып жатыр. Мен ешқандай қысым көрсетіп отырғаным жоқ. Мен жай ғана білім ошағына қажет тиісті құжаттарды сұрап жүрмін. Мектеп мұғалімдері өз жұмысымды істеуге кедергі келтіріп жатыр, - деді мектеп директоры.