Түпқараған аудандық мәдениет үйінде мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күні қарсаңында «Мәдениет және өнер – рухани байлық» атты іс-шара өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев қатысып, аудан әкімі Рахат Елтизаровтың құттықтауын жеткізді.
- Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бұл - халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып жүрген мерейін өсіретін күн. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін, - делінген құттықтауында.
Жиында мәдениет және өнер саласына еңбегі сіңген сала қызметкерлері мен аудандағы мәдениет үйлерінің ұжымына Түпқараған ауданы әкімінің және Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының Алғыс хаты табысталды.
Іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.