© Elitar.kz
Жетібай қаймағының дәмі тіл үйіріп тұратын. Ақтау қаласы мен көрші аудандарға да тасымалданатын. Тоқсаныншы жылдары осы қаймақты сатып бала-шағасына нәпақа тапқандар болды. Әрі қою, әрі дәмді қаймақ аймақ тұрғындарының көңілінен шығып, үлкен сұранысқа ие болған еді. Ерекше дәмін есте сақтап қалған халық әлі күнге дейін сол қаймақты аңсап отырады. Жетібайдың қаймағы қазір қайда деп сұрасады. Шынында да, Жетібайдың сүт зауыты қазір неге жұмыс істемей тұр? Нарық заманының қатал талабына ілесе алмай тұралап қалды ма, әлде басқа себебі бар ма? Жауабын іздеп көрген едік.
Алдымен жергілікті халық «Маманның қаймағы» деп атап кеткен, бір кездері гүрілдеп, күн-түн демей өнім өндіріп, Жетібайды толықтай сүт өнімдерімен қамтамасыз еткен цехқа бардық. Цех аузында құлып тұр. Көз көргендер үшін ыстық көрінетін бұл жер сонау 1977 жылдан 2019 жылға дейін жұмыс істеп келген, Жетібайдың маңдайына біткен жалғыз сүт өндіру зауыты болатын. Ауыл халқының ішінде осы сүт цехында еңбек етіп, зейнетке шыққандар да бар. Қазір бұл орын қалың тас дуалмен қоршалып, сыртында дүкен, кафе, вулканизация секілді шағын кәсіпкерлік нысандары жұмыс істеп тұр. Бүгінде марқұм болып кеткен, бір кездегі Жетібай сүт цехының басшысы Маман Тұрғамбаевтың балалары кәсіптің басқа түрімен шұғылданып, әкеден қалған өміршең дүниеден уақытша қол үзген екен.
«Жақсының аты өлмейді» демекші, ауыл экономикасына өзіндік үлес қосқан, сонау тоқырау жылдары да ауыл тұрғындарының тостағанынан қаймақ үздірмеген, бірнеше мәрте үздік кәсіпкер атағына ие болған Маман Тұрғамбаевты бұл мекенде танымайтын адам кемде-кем. Кәсіпкер ауылдағы жетім-жесір, қарт кісілерді қамқорлығына алып, ұдайы көмектесіп тұрғанын ауыл адамдары еске алып айтады.
Ыбырайымұлы көшесінде тұратын Маман ағайдың артында қалған жұбайы және балаларымен жүздеспекке үйіне бардық. Келіні Бибігүл жайдары қарсы алып, енесі жатқан бөлмеге алып келді. Айсәуле апай тынығып жатыр екен. Мәнжайды білген соң өтінішімізді жерге тастамай, өмір бойы бір шаңырақта бірге ғұмыр кешкен жолдасы Маман Құрманұлы туралы, оның еңбек жолын, көрген қиындықтарын баяндап берді.
– 1977 жылы Жетібайда Ақтау сүт зауытының филиалы ашылып, оған басшылыққа менің жолдасым Маман тағайындалды. Сол жылдары ол Жетібай мал сою пунктінде қызмет еткен еді. Оның еңбекқорлығы, елгезектігі, кез келген істі үйіріп алып кететіндігі басшылыққа ұнаса керек. Себебі мал сою пункті мен сүт зауытының басшысы бір адам болатын. Сол тұста Кеңес үкіметі кезінде облыс орталығындағы сүт зауыты аудандарда қосымша цехтарын ашып жатты. Осылайша Маман сүт цехының шебері болып жұмысқа орналасып, алғашқы өнімдердің қатарында сүт, айран шығара бастады. Кейін басқа да өнім түрлерін қосқысы келетін ойы бар екенін үйге айтып келіп жүрді. Көп ұзамай Ақтау қаласына барып, сондағы сүт зауытында болып, қаймақ, сүзбе, тәтті сүзбе секілді сүт өнімдерінің қалай даярланатынын көзбен көріп, жасалу әдісін, технологиясын меңгеріп келді. Келген соң бірден іске кірісіп, қаймақ шығара бастады. Қаймағының дәмді болғаны соншалық, алыс-жақын аудандардан бір алып кеткен адамдар қайта келіп алатын, – дейді жары Айсәуле Тұрғамбаева.
Жергілікті өнімнің өрісін кеңейтіп, құрамы таза, табиғи дәм, қою да сіңімді қаймағымен жұртшылықтың көңілін баурап алған Маман Құрманұлының сапалы өнімі бүкіл Маңғыстау еліне тарады. Тіпті қала ортасында дүркіреп тұрған сүт зауыты бар Ақтау халқының өзі қаймақты Жетібайдан алдыратын. Жеген адамның таңдайында дәмі қалып, қайта іздеткен қаймақ туралы түрлі дақпырт та шыққан. «Бұны жасап отырған кәсіпкердің қаймақ жасауда ешкімге айтпайтын өз құпиясы бар көрінеді», «бір жеген адам тағы іздеп жей беруі үшін арнайы дәмдеуіш қосады екен», «құпиясын талай дөкейлер сұрап, ақша ұсынса да айтпапты», «қаймаққа қосатын шикізатты шетелден алдыратын көрінеді» деген небір қауесеттер ел ішін кезіп жүретін.
– Ее, қандай құпия болсын, бар құпиясы күні-түні тынбай еңбек еткенінде ғой, қашан өзінің көңілі толатын дәм бермейінше қаймақты сатылымға шығармайтын, қарауында он шақты әйел адам жұмыс істеді, тату-тәтті ұжым болды, сол кезде қызмет еткен келіншектер әлі осы ауылда тұрады. Ол кісінің өз жұмысына өте адал екендігіне көзін көргендер куә ғой, – дейді жары Айсәуле апай.
Қазіргі замандағы сату өнерін үйрететін түрлі коучтар айтатын әдістерді Маман ағай өз кезеңінде қолдана білгеніне таңғаласың. Яғни тұтынушылардың назарын аудара білу, олардың қызығушылығын ояту, сатып алуға деген құштарлық тудыру секілді сауда тәсілдері кез келген кәсіпкердің қолынан келмейді.
Тұтынушылардың қажеттіліктерін терең түсініп, ауыл адамдарына нақты не керегін болжай білген көрегенділігі де Маман Құрманұлының сауда маркетингін үздік меңгере білгенін көрсетеді.
Өмірінің көп кезеңін сүт өнімдерін шығаруға жұмсаған Маман Тұрғамбаев бұл салаға тектен-тек келген жоқ еді. Ол осы саланың жілігін шағып, майын ішкізетін оқу орындарында оқып, әбден машықтанған дайын маман еді. Яғни 1972 жылы ол Қазақстан тұтынушылар одағының Ақтөбе кооперативтік техникумына түсіп, тауар танушы мамандығын тәмамдаған. 1974 жылы Қарағанды кооператив институтына түсіп, оны 1979 жылы сауда экономисі мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ осы институттан экономист ұйымдастырушы квалификациясын алып шыққан. Алған білімін кәдеге жаратып, өмірлік мақсатына дұрыс пайдалана білген ізденімпаз, еңбекқор жан өлке тарихында өзінің өшпес ізін қалдырды.
Жергілікті жердің адамдарын қаймаққа қарқ қылған нағыз атына заты сай Маман Құрманұлы тоқсаныншы жылдардың тоқырауында да ауыл халқын тарықтырмады. Кеңес үкіметі тарқатып жіберген сүт цехын түрлі қиындықтардан өте жүріп, жекешелендіріп, құжатын жасатып, ауыл тұрғындарын жұмыссыз қалдырмай, сүт өнімдерін өндіруді одан әрі жалғастыра береді.
Өнім қатарында сүт, ірімшік, тәтті сүзбе, қаймақ, айран, құрт үзілместен шығып тұрды. Содан заман бір орнында тұрмайды ғой, жиырма бірінші ғасыр келді, ел жаңарды, дүкен сөрелеріне ресейлік сүт пен қаймақтар келе бастады. Сол кезде ол цехты жаңартқысы кеп, басқа құрал-жабдықтар сатып алып келді. Бұрын сүт өнімдерін қала, аудандарға арнайы флягпен тасымалдаса, енді заман талабына сай олардың әрқайсысының өзінің қорабы, ыдысы болуы керек болды. Сол істермен жұмыстанды, цехты жаңартты, жаңа жабдықтар алды, ескі ғимаратты жөндетті. Несие алғысы келмей өз қаржысымен жасауға тырысып, жоқтан бар жасап жүрді. Сол кездерде аздап сырқаттанып та жүрді. Бір жерім ауырды деп мүлдем жатпайтын, еңбекқорлығы сонша, үнемі ізденісте жүретін. Бар ойы цех жұмысын тоқтатпау болды. Басқа да өнім түрлерін қосқысы келіп, шикізаттарын шет елдерден қарастырып жүретін. Өзі барда цех жұмысы тоқтамады. Еңбегі ескеріліп, түрлі марапаттар да алды. Ондай кездері шабыт алып, түрлі идеялар айтып, ауылдың өнеркәсібін дамытып, елге қажет өнімдер шығаруға талпынысы жоғарылай түсетін. Үнемі өзінің сүт цехының басы-қасында жүретін. Әрбір өнімнің дұрыс, сапалы болуына қатты мән беретін. Сөйтіп жүргенде бір күнде оянбай қалып, мәңгілікке кетіп қалды ғой, – деді күрсініп Айсәуле апай.
Әкеден қапияда көз жазып қалған балалары Маман Құрманұлы қайтыс болған соң екі айдан кейін сүт цехының жұмысын тоқтатады. Оған себеп – шикізаттың қымбат болуы, үкіметтен қажетті субсидия, грант секілді көмек түрлерін ала алмауы. Сондай-ақ айналымға жіберетін қаражаттың жетіспеушілігі секілді қиындықтардан цех жұмысын біржолата тоқтатады.
78 жасында кенеттен дүние салып, жалған дүниемен қоштасып кете барған Маман Тұрғамбаев өзінің еңбек еткен жылдарында ауылдың ардақты азаматы бола білді. Туғантуысқа қарайласып, жағдайы жоққа қол ұшын беріп, кішіпейіл, қайырымды қалпынан танбады.
Жетібай сүт цехында қырық жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан Көрпеш Айтбаева басшысы Маман Құрманұлын өте білікті, шаруаға мығым, өзі ісін өте жетік меңгерген, абзал адам еді деп бағалайды.
– Мен 1978 жылы Жетібай сүт цехына жұмысқа орналасып, 2018 жылға дейін сол жерде еңбек еттім. Күніне тонна жарым сүт, тонналап айран, қаймақ жасайтынбыз. Өнімдеріміз қолдан қолға тұрмайтын. Сұраныс өте жоғары болды. Басшымыз Маман Құрманұлы сүттің сапасы мен шығымына баса назар аударатын. Кез келген сүт өнімдерінің, әсіресе, қаймақтың ерекше дәмді дайындалуы сүт құрамындағы компоненттер мөлшеріне ғана емес, сонымен бірге физикалық, химиялық, технологиялық қасиеттерге де байланысты. Мұның бәріне Маман ағай ерекше зейін қоятын. Оннан аса адам цехта жұмыс істедік. Ағай ақкөңіл, кеңпейіл кісі еді. Жалақымыздың уақытылы берілуіне қатты мән беретін. Қарамағындағы жұмысшыларымен жақсы, ізетті қарым-қатынас құратын. Дауыс көтеріп, мінез көрсетпейтін. Табан аудармай бір жерде еңбек еткенім де сол ағайдың жақсылығынан шығар деп ойлаймын. Оқу бітірген жылы жұмысқа орналасқан жұмыс орнымда әже болып, немере сүйгенше жұмыс істеппін. Ағайды сағынышпен еске аламыз. Жатқан жері жайлы болсын, дүниеден ерте кетеді деп ойламаппыз, жайраңдап жүретін еді. Өте елгезек, еңбекқор жан болатын, – дейді Көрпеш Айтбаева.
Ауылдағы шағын кәсіпкерлікті дамытып, ауыл әйелдерін жұмыспен қамтыған Маман Құрманұлы көзі тірісінде «Қарақия ауданының өндіріс саласындағы үздік кәсіпкері» номинациясын иеленіп, «Ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» облыс, аудан әкімдерінің алғыс хатын алып, «Маңғыстау облысының үздік кәсіпкері» атты облыстық байқаудың жеңімпазы атанып, тағы да басқа бірнеше марапаттарға ие болған.
Жары Айсәулемен 54 жыл бірге тұрып, Амангелді, Қуанғали, Серікқали есімді үш ұл, Гүлмаржан есімді бір қызды әлпештеп өсіреді. Бүгінде кәсіптің басқа түрінен нәсібін терген үш ұлы Жетібайда тұрса, қызы Гүлмаржан Ақтау қаласында қазынашылық мекемеде қызмет етеді. Айсәуле апай немере, жиендерінің ортасында әрдайым аталарының еңбек сүйгіш, ізденгіш, алға қойған мақсатына ұмтылудан жалықпаған жан болғанын мақтанышпен айтып беріп отырады. Мейрамбек, Мейірбек, Мадина есімді әжесімен бірге тұратын немерелері ата жолын қуып, атадан қалған кәсіпті жалғастырғысы келетін ойлары барын жеткізді.
– Атам қолданған құралдар, өндіріс орны, пайдаланған заттары сол күйі тұр. Цех жұмысын қайта қолға алғымыз келеді. Әжемнің арманын орындағымыз келеді, – дейді Мадина.
–Ат тұяғын тай басар» деген, атасының есімін мақтан етіп, ол жасаған істерді сүйсіне әңгімелейтін немерелері болашақта жетібайлықтардың жеңсік асына айналған қаймағымен қайта қауыштырар күн де туар, мүмкін. Тұлпардан қалған тұяқ аман болса тағдырдың сан тарау жолы талай сыйды ұсынып, талай биікке шығаратыны сөзсіз.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ
Маңғыстау газеті