20 мамырда «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші кезеңі аяқталды. Таңғы 7.00-де 16 команда Екібастұз қаласы маңынан Павлодар облысы аумағындағы Төртқұдық елді мекеніне аттанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің келесі 100 шақырымын бағындырып, екінші кезеңнің мәресі Төртқұдық елді-мекені маңында аяқталды.
Биыл «Ұлы дала жорығына» еліміздің әр аймағынан келген 6 шабандоздан тұратын арнайы «Рекорд» командасы жасақталды. Оның құрамына нағыз қазақтың Адай, Қостанай, Найман, Жетісу өңірінің Арғымақ жылқылары әдейі енгізіліп отыр. «Рекорд» командасының сап түзеп, жорыққа шығуындағы басты мақсат - нағыз қазақи жылқылардың ел арасында танымалдылығын арттыру, кеңінен насихаттау», - деп атап өтті «Joryq» федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков.
Екінші кезең қорытындысы бойынша, Алматы қаласының командасы жеңімпаз атанды. Жетісу облысының шабандоздары мәре сызығына екінші болып жетсе, Маңғыстау облысының командасы үштікке ілікті.
Өкінішке қарай, екінші кезеңде Батыс Қазақстан облысының командасы жарыстан шығып қалды.
Екінші кезеңде Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Абай, Павлодар, Ақмола облыстарынан екі аттан, ШҚО, Жетісу, Қарағанды, облыстары мен Астана қаласынан бір-бір аттан жарысқа жарамсыз деп танылды. Алматы қаласы, Маңғыстау, Жамбыл облыстары бес атпен жарысқа шығады. Жалпы 21 мамырда 3-кезеңді 15 команда жалғастырады.
Айта кетейік, жол қашықтығы 500 шақырымды құрайды және бағыт Павлодар, Ақмола облыстарын қамтиды. Марафон 23 мамырда Астанада аяқталады.