Тұщықұдық ауылы медицинасына жарты ғасырға жуық ғұмырын арнап, зейнетке шықса да әлі күнге дейін халыққа қызмет етіп жүрген Света Мадиева жұртшылықтың жылы ықыласына бөленіп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жауапкершілігі ауыр да күрделі, көмекке мұқтаж азаматтардың жанын арашалап, еміне шипа табуға барын салып жүрген нағыз медицина майталмандары өте көп. Солардың қатарынан өз орнын ойып тұрып алатын Света Мадиеваның өнегелі өмірі көпшілігімізге үлгі. Ана мен бала денсаулығы үшін уақытпен санаспай қалтқысыз қызмет етіп, көп жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған Света апамызды іздеп келушілер қатары артпаса, азайған емес. Ол мол тәжірибесі арқылы ауыл медицинасының дамуына үлес қосты. Көптеген аналардың сәбиінің өмірге аман - есен келуіне атсалысып, «кіндік шешесі» атанды.
- Мен 1941 жылы Оралдан 600 км-дей жерде, Мәншүк Маметованың туған жерінде дүниеге келдім. Әжем менің дәрігер болғанымды қалайтын. Сол кісінің қалауымен, бір жағынан өзімнің ынтамның арқасында Алматыға оқуға түстім. Екі жарым жыл оқуымды оқып, аяқтап, 1962 жылы Маңғыстаудағы Тұщыбек саниториясындағы медициналық пунктіге жұмысқа орналастым. Ақтауда 3 шағынауданнан перзентхана ашылып, кейіннен әкем мені сол жаққа ауыстырып алды. Орыстармен, жалғыз қазақ қызы мен болып, бірге қызмет атқардым. Сол орыс қыздардың арасында ерекше көзге түсіп, еңбек жолымды жақсы өткіздім. Жолдасыммен Тұщыбекте жүргенде танысып, 1963 жылы отау құрып, Тұщықұдыққа келдік. Ауылдағы ауруханаға да бірден орналасып, жұмысқа кірер-кірместен әйелдерді қабылдап, содан бері жұмыс жасап жүрмін. Алдымда ешкім өлген жоқ. Сол адамдарды өлтіріп алмайын деп жүргенде, өзіміз өліп қала жаздаймыз, - деді Света Мадиева естеліктерінен сыр шертіп отырып.
Света апа өзінің жастық шағындағы фото естеліктерін қарап отырып, түрлі қызық оқиғаларымен бөлісіп отырды. Басынан өткізген қиыншылықтарын айтып, қазір сол кездерді қуанышпен еске алды.
- Бір кездері бір күнде 8 әйел босанып, үйге жедел жәрдем көлігі келіп, отырған жерімнен тұра жөнелдім, бала да, қонақ та қалды. Сондай қызық жағдайлармен жұмысымды атқарып жүрдім. Өзім жұмысымды сүйіп істедім. Үйде адам жоқ болған кездері баламды өзіммен бірге алып жүрдім. Сөйтіп қиыншылықты көріп, еңбек еттім. Зейнетке шығып кеткеннен кейін де әйелдерді қабылдадым. Алғашқы әйелді босандыруды Доссорда тәжірибеден өтіп жүргенде қабылдап, сол күннен бастап көптеген әйелдерді босандырдым. Қазір зейнетте болсам да үйге қан-қысымын өлшетуге, ине салдыртуға келетіндер бар. Тіпті кейде малды төлдетуге көмектесіп, малды да қарайтын кездерім болады. Өзімнің 6 балам бар. Қазір Рима қызым өзімнің жолымды қуып жүр. Шүкір. Қазір көшеде көріп қалған әйелдер мені танып, бетімнен сүйіп, алғыстарын айтып жатады, - деді Света Мадиева.
Сөз ортасында Света апаның келіні Әлима Әлибекова да болған оқиғалармен бөлісіп, апамыздың қолдан тоқыған бұйымдарын көрсетті.
- Енем қазір көптің алғысына бөленіп, ауылымыздың сыйлы адамдарының бірі болып отыр. Үйге көмек сұрап келген адамдардың ешқайсысын кері қайтарған емес. Керісінше солармен бірге болып, емдеріне шипа тауып беруге тырысады. Қолы қалт еткенде тоқымамен айналысып, кітап оқиды, - деді келіні Әлима Әлибекова.
Медицина қызметкері болу адамға өмір, жарық сыйлау тәрізді. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Света апамыз биыл 84 жасқа келеді. Сөз соңында Света Мадиева өзінің жолын жалғастырушы медицина қызметкерлеріне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.