Ақтауда Маңғыстау облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы президенті кубогының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Іс-шараға Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Рысгүл Түгелбаева, МО көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Аида Садатқызы және ата-аналар қатысты.
- Құрметті, спортшылар, ата-аналар, шараға қош келдіңіздер! Өлкеміздің нәзік әрі көрікті көркем гимнастшылары өңір мерейін өсіріп әрі спорт дамуына серпін беру мақсатында көптеген республикалық, халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр. Бұндай жетістіктер біз үшін өте маңызды. Бүгінгі сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! - деді Рысгүл Түгелбаева.
Федерация кубогы үшін облысымыздан 250 жеке гимнасшы, 15 топ таласады. Сондай-ақ Әзірбайжан мемлекетінен де 2 топ сайысқа түседі. МО көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Аида Садатқызы жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
- Сындарлы сайыста спортшыларымызға тек сәттілік тілеймін! Жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көріне беріңіздер! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!, - деді Аида Садатқызы.
Сайыс 3 күнге созылады. Өңір намысын қорғайтын спортшылар арасында 12 жастағы Әнел Наурызбай да бар. Гимнастикамен айналысып жүргеніне 6 жылдан асқан спортшы жеңіске үміткер екенін айтады.
- Ақтау қаласынан қатысып отырмын. Тобымдағы 5 қыз жеңіс үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгінгі жарысқа дайындығымыз жоғары деңгейде деп айта аламын, - деді Әнел Наурызбай.