Биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Сондай-ақ, республика көлемінде 24 мамыр күні 1-10 сыныптарда тәрбие сағаттары өткізіледі. 25 мамырда білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, мектеп бітіруші түлектерге 45 минуттан аспайтын «Соңғы қоңырау» іс- шарасын акт залда ұйымдастыру ұсынылады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова мәлімдейді деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, білім беру ұйымдарында мамыр айының басынан білім алушыларға тәрбиелік-танымдық тақырыпта шаралар жоспарланып, өткізілуде.
Сондай-ақ, іс-шараға мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері, пән мұғалімдері, түлектер, түлектердің ата-аналары, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының құрамы, «Даналық мектебінің» құрамындағы «Әкелер мектебі», «Аналар мектебінің» мүшелері қатысады.«Соңғы қоңырау» іс-шарасында жетістіккке жеткен, оқуда озат түлектер мен белсенді ата-аналарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Биылғы оқу жылында 9-сыныпты 14 285 түлек, 11-сыныпты 7155 түлек бітіреді.
— Сонымен қатар, қатаң ескертетін мәселе бар. Ақша жинап, мектепке немесе педагогтерге сыйлық жасауға болмайды. Іс-шараға ивент-агенттіктерді, аниматорларды жалдауға, шақыруға тыйым салынады. Онымен қоса, мерекелік дастархан жайылмайды. Түлектердің автокөліктерді жалға алып, қала ішінде, табиғатқа экскурсия жасауына, қала сыртындағы сауықтыру орындарына баруына жол берілмейді әрі қатаң бақылауда болатынын ескертемін. Сондай-ақ мейрамхана, дәмхана және көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыруға болмайды, - деді Айжақсы Тұржанова.
Сонымен қатар, «Соңғы қоңырау» іс-шарасында қауіпсіздікті сақтау маңызына және судағы қауіпсіздік ережелеріне Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бектас Мұратов тоқталып өтті.
— Барлық жас түлек үшін соңғы қоңырауды атап өту маңызды болғанымен, жеке қауіпсіздік мәселесін әр кез ескерген жөн. Сондай-ақ тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда шомылуға және фейерверктер мен өрт тудыруы қауіпі бары жарық әсерлерін ұйымдастыруға жол берілмейді. Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін қаперіңізге саламыз, - деді Бектас Мұратов.
Маңғыстау облысының аумағында полиция кызметкерлері «Соңғы қоңырау» іс-шарасы кезінде мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар мен өзге де окиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың жолын кесу, алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Берікбаев атап өтті.
— «Соңғы қоңырау» іс-шарасы кезінде мектеп бітіруші түлектер, ата-аналары мен сынып жетекшілері қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу бойынша нақты шаралар қолдануы тиіс. Ең бастысы, кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктерді, темекі бұйымдарын сату фактілеріне жол бермеу мәселелері бойынша шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, жауапкершілік ескертіледі, - деді Бақытжан Берікбаев.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы ПД балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыс жасауларының алдын алу бағытында профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастыратынын және жіті бақылайтынын ескертеміз.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының кәсіпкерлікті қаржылық-несиелік қолдау бөлімінің басшысы Парасат Жамелбек, спирттік сусындарды, есірткі сынды зиянды нәрселерді сатқан кәсіпкерлерге заң жүзінде арнайы шара қолданатынын атап өтті.