Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жанындағы Тәлімгерлер кеңесі өтті. Кеңес отырысында мемлекеттік қызметке қадам басқан жас мамандар тәжірибелі тәлімгерлер алдында ант қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтсақ, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Жангелді Жұмахан, Маңғыстау облысы бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Асем Оспанова, Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыру-қаржы басқармасы ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы Дана Сәндіғалиева, Камералық мониторинг басқармасының №1 камералық мониторинг бөлімінің жетекші маманы Нұр Лауахаев, әкімшілендіру басқармасының акциздерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Асемай Арызгулова мемлекеттік қызметті адал атқаруға ант қабылдады.
– Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының мемлекеттік органдарында 29 жасқа дейінгі 385 жас маман қызмет етеді. Оның 44-і сынақ мерзімінен өтіп жатыр. Мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған әр жас маманға тәлімгер бекітіліп, мемлекеттік қызметтің қыр-сырына баулиды, - дейді аумақтық департаменттің басшысы, тәлімгерлер кеңесінің тең төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Өз сөзінде департамент басшысы жас мамандарға кәсіби мемлекеттік аппаратты құру үшін мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің кәсібилігі мен дағдыларын ұдайы арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алуды жүргізу,өз халқына және еліне адал қызмет ету қажеттігін түсіндірді.
Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері жастарға ақ жол тілеп, Мемлекеттік қызметтің озық қазақстандық моделін құрумен қатар, әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті заңның үстемдігін белгілеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саясатын жүзеге асыру болып табылатынын атап өтті.