Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қаланың жергілікті полиция қызметінің инспекторлары күн сайын қайыршылардың жолын кесумен айналысады. Кәсіпкерлік субъектісі болып саналмайтын, қайыр сұрау, яғни қоғамдық орындарда заттарды сатып алу, сату, айырбастау секілді қызмет көрсетіп адамдардың мазасын алу әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Біздер, өзімізге бекітілген аймақтағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, заңсыздықтарға жол бермеу мақсатында күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Рейдтік-профилактикалық шаралар барысында белгіленбеген орындарда сауда жасау, қайыршылықпен айналысу деген заңсыздықтарды әдет еткен тұлғалардың мекеніне айналған аумақтарды тексереміз. Осы тұста тұрғындарға ескертеміз, кез келген заңсыздық үшін заң аясында жауапкершілік қаралған. Сондықтан теріс әрекеттерге бармаңыздар!»-дейді Ақтау қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Азамат Теңізбаев.
Қала аумағында жыл басынан қоғамдық орындарда азаматтардың мазасын алған 278 адамға ҚР ӘҚБтК-тің 449-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасақталып, тәртіп сақшылары түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ақтаулық тәртіп сақшылары мұндай рейдтік іс-шараларды үнемі өткізіп тұрмақ.