Бірер күн бұрын Ақтау ауасында жағымсыз иістің пайда болғаны туралы тұрғындар шағымданған еді. МО бойынша экология департаментінің талдамалы-зерттеу бөлімінің мамандары иістің Мұнайлы ауданы, Атамекен селолық округі, № 2 өнеркәсіптік аймағында орналасқан №17/4 учаскесінен шығып тұрғаны анықтаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Белгілі болғандай жеке кәсіпкер мал бордақылаумен айналысқан, алайда санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Малдың өлекселерін жақын маңда өртеген, содан жағымсыз иіс ауаға тараған.
- Аталмыш жер учаскесінің қожайыны кім екені белгілі болды. Қазіргі таңда департамент мамандары ластану ошағының тиесілі иесіне қатысты жауапкершілік мәселесін қарастырып жатыр. Жеке қосалқы шаруашылығын жүргізуді көздеген жеке кәсіпкердің іс-әрекеті заңға қайшы болғандықтан, оның айыппұл арқалауы ғажап емес. Себебі аталған өндірістік аумағында орналасқан жеке шаруашылығына арналған аумақтың атмосфералық ауасынан көміртегі тотығы көрсеткіші 5,11 мг/м3 (5,0 ШРК), яғни 1,03 есе шекті концентрациядан артуын анықтады, - деп жазылған облыстық экология департаментінің хабарламасында.