Маңғыстауда бір күннің ішінде бір айлық жауын мөлшерінен де көп жаңбыр жауды. Соның салдарынан көп елдімекендер жарық, желісіз қалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазгидрометтің хабарлауынша, 7-інен 8-іне қараған түні Маңғыстау облысының аумағында ауқымды циклон жүрген. Оңтүстіктен бауырлап келген будақ бұлттың төгіп салуы салдарынан облысымыздың батысында, солтүстік-батысында және орталығында нөсерлетіп жауын құйды. Сондай-ақ өңіріміздің солтүстік, оңтүстік және орталық бағытында 15-19 м/с екпінді жел соқты.
- Ақтау қаласы бойынша бір айда жауын-шашын мөлшері 13 мм болса, кеше кешкісін бұл көрсеткіш қалыпты нормадан асып, 19 мм-ге жетті. Форт-Шевченкода сол түні 19 мм, Қызан ауылына 24,0 мм жауын-шашын түсті. Бұл айлық нормадан 1 мм-ге асады (мамырдағы норма 23,0 мм), - деді кезекші синоптик Нұргүл Құрманғабұлова.
Облыс тұрғындары электр қуатының жоқтығына шағымданады. .
- Түнде 34, 38 және 39 сияқты белгілі бір аудандарда GPP 4G ұяшығымен байланысты жоғары вольтты кабельдің зақымдалуына байланысты электр қуаты үзілді. Қазір 34 шағынауданды қоспағанда, барлығына жарық берілді,- деді АЭЖБ-ның баспасөз хатшысы Луиза Молочаева.
Түнде қала бойынша автомобиль жолдарынан 1120 м3 жаңбыр суы сорылған. Қазір жаңбыр суын тазарту жұмыстары келесі мекен-жайлар бойынша жүргізіліп жатыр:
- 12 шағынауданы №59 үйдің алдындағы автомобиль жолы;
- №27 автомобиль жолы, Сары базар ауданы
- Хазар базары 31 ш / а;
- 31Б ш / а. "Өрнек" ТК.
Бұл жұмыстарға жеке құрамның 56 қызметкері және 12 арнайы техника жұмылдырылған.