Ольга Заривняк 1927 жылы Брест облысының Клешчели қаласында дүниеге келген. Ольга Платоновна соғыс кезінде партизандық отрядта байланысшы болған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Соғыс басталғанда Ольга Заривняк 14 жаста болды. Жасына қарамастан жеңісті жақындатуға ат салысты, ол партизандарға хабарламалар жіберуге көмектесті, сонымен қатар жараланған сарбаздарға қол ұшын беретін.
-Бүкіл соғыс бойы партизандық отрядта болдым. Менен басқа ұлдар, қыздар да болды. Көбі жуылмаған, жабық, жыртылған киіммен жүретін. Бізге ешкім назар аудармайды. Брест аймағында немістер көп болды, өйткені ол Германияның жанында. Маған тапсырма береді орындаймын, қанша көлік шыққанын, қанша қалғанын және қай бағытта кеткенін байқаймын. Арнайы пәтер болды, сол жерге барып хабарлайтынмын. Бұл қиын да қорқынышты болды. Кейде олар мені ұстап алатындай көрінетін, - дейді екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері.
Ольга Заривняк егде жасына қарамастан, есте сақтау қабілеті жақсы - ол соғыстың барлық оқиғаларын кешегідей есіне алады.
-Партизандарды қатты соққыға жығатын. Егер ең кішкентай күдік болса дереу өлтіретін. Жауап алу ауыр болатын, оларды азаптайтын. Фашистер - қорқынышты адамдар. Ауылдарда бейбіт тұрғындарды тірідей өртеп, сарайға қамап тастайтын. Көптеген адамдардың өмірі мен жеткізген ақпаратқа байланысты болды - олар орманға барып, немістер келгенге дейін сонда жасырынып үлгеретін. Кейде бірнеше күн нәр татпайтын. Нан да, киім де, аяқ киім де жоқ еді, өйткені немістер бәрін жойды. Ақша жоқ, жұмыс та жоқ. Бақшаға көкөніс егуге тырысатын. Жеңіс күні өте анық есімде. Біз бәріміз жылап, күліп, биледік, - дейді Ольга Заривняк.
Ольга Платоновнаның анасы он саусағынан бал тамған шебер болған. Оның осы өнері қызына дарыған. Ольга Заривняк соғыстан кейін Украинадан бір-ақ шығады, тігінші мамандығын оқиды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ательеде шебер болып жұмыс істеді. Ол алғаш рет 1958 жылы кестелеуді бастайды.
Ольга Платоновна кестелеуден басқа орамалдар мен сәнді шарфтарды тоқиды.
-Біздің анамыз да тігінші-шебер еді, біз де тоқып, тігуді үйрендік. Бәрін сүйіспеншілікпен жасаймыз - мұны әжем бізге үйретті. Ол әрқашан бәрін кездейсоқ емес, әдемі жасау керек деп айтады. Өзі барлық нәрседе өте мұқият - ол қандай жұмыс жасаса да, бәрін жақсы жасауға тырысады, - дейді ардагердің немересі.
Ольга Платоновна әлі де кітап оқығанды жақсы көреді. Соңғы бірнеше жылда жүзден аса кітап оқыған. “Абай жолын” да оқыған.
Украинадан немерелері соғыс ардагерін Ақтауға әкелген. Ольга Заривняк олардың пәтерінің есіктері жабылмайтынын, қонақжай екенін айтады - мектеп оқушылары, көршілер және қарапайым азаматтар үнемі қонаққа келеді екен.
-Мен үнемі айтамын - жас ұрпақтың соғыстың барлық сұмдықтарын көрмегені жақсы болды. Оны қазіргі ұрпақ да, кейінгі ұрпақ да көрмеуінен Құдай сақтасын. Жеңіс күні құтты болсын! - деді Ольга Платоновна.