Ақтауда тұратын соғыс ардагері Василий Салазкин Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Василий Салазкин 1927 жылы дүниеге келген. Ел басына қауіп төніп, соғыс басталғанда Василий Салазкин 14 жаста еді. Кейінірек майданға аттанып, Бірінші Қиыр Шығыс майданы құрамында ерлік көрсетіп, кіші сержант шеніне дейін көтерілді. Василий Салазкин 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталған. Ардагер соғыс жылдарын еске алуды аса ұнатпайды.
Соғыстан кейінгі жылдарда бейбітшілік орнап, адамдар өз өмірін қалпына келтіре бастағанда, Василий Салазкин ел игілігі үшін жұмыс істей берді.
– Енді еш жерде соғыс болмасын деп тілеймін. Ең бастысы – бейбіт заманда еңбек ету, еліңе қажет болу. Сондықтан мен жастарды еліміздің жарқын болашағы үшін әрқашан еңбек етуге шақырамын. Барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаймын! – деді соғыс ардагері Василий Салазкин.