Маңғыстау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан биыл 1 ақпаннан бастап облыс аумағында 18 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 17 адам жарақат алып, өкінішке орай 8 адам қайтыс болды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Тілекберген Селбаев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, ЖКО-ның басты себептері — жылдамдық режимін сақтамау, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығу, аударылу, жаяу жүргіншілерді байқамау.
Маңғыстау облысы аумағында ақпан айында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
- Іс-шараның басты мақсаты - көлік жүргізушілерінің арасында тәртіпті арттыру, жол-көлік оқиғаларының салдары мен себептерін облыс тұрғындарына жеткізу. Жедел профилактикалық іс-шарасының 18 күнінде полиция департаменті, қала-аудан басқарма, бөлім қызметкерлері 8 160 әкімшілік құқықбұзушылықтар анықтады. Сонымен қатар, 490 көлік арнайы тұраққа жабылып, 299 автокөліктен мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленіп алынды, - деді Тілекберген Селбаев.
Сондай-ақ, спикер облыс тұрғындары мен қонақтарын жолда қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырды. Тыйым салынған жерден жүгіріп өту оңай болғанымен, оның зардабы қайғылы екенін, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтау маңызын атап өтті.