«Оймаша» оқу-жаттығу полигонында күндізгі және түнгі уақытта жауынгерлік атыстар өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тактикалық дайындық тақырыптар бойынша сабақтарға 50-ден аса теңіз взводтары, барлау топтары мен артиллерия дивизионының бөлімшелері қатысып жатыр.
Шабуылдау взводының жеке құрамы қорғаныста, шабуылда және түнгі жағдайларда қарсыласпен бетпе-бет әрекет етіп жатыр.
Артиллериялық бөлімшелердің экипаждары мен жауынгерлік есептоптар жорықта іс-қимылдарды, атыс позицияларын орналастыру және өрістету, инженерлік жабдықтар мен бүркемелеу, нысаналарды барлау және атысты басқару жөніндегі нормативтерді пысықтайды.
Оқу-жаттығу полигонында қарудың барлық түрінен жердегі және әуедегі нысандарға атуды көздейтін жағдай жасалған. Қараңғыда атыс түнде көру құрылғылары мен оқ-дәрілерді қолдану арқылы жүргізіледі. Нысаналар көріну үшін артына жарық қойылады.
– Сабақ барысында теңіз жаяу әскерлерінің далалық білімі мен бөлімшелердің үйлесімділігі жетілдіріледі. Жас командирлер ұрыс барысында жеке құрамды басқару тәжірибесін үйренеді. Әскери қызметшілер іс жүзінде ұрысқа барынша келтірілген жағдайда әрекет етіп, берілген тапсырмаларды орындау ережесін меңгереді, – дейді 2-шабуылдау батальонының командирі, капитан Дамир Мақсатов.
Жауынгерлік атыс – тактикалық дайындықты оқытудың ең жоғары түрі, бөлімшелер мен кіші топтарды жауынгерлік үйлестірудің және атыс машығының соңғы кезеңі.
Атыс екі құрамда – тактикалық, тактикалық-арнайы әрекеттеріне және атыста зақымдау нәтижелеріне қарай бағаланады.