Былтырдан бері дәрігерлер үшін Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында жеті пәтер сатып алынған. Сондай-ақ ауылда жұмыс істегісі келетін дәрігерлерге 1,5 млн теңге бір реттік көмек беріледі. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 70 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының емдеу мекемелерінде 206 жұмыс орны бос. Оның 60-қа жуығы Ақтауда. Ал ауылдық елді мекендерде хирург, анестезиолог-реанимотолог, акушер-гинеколог, онколог және эндокринолог-дәрігерлерге сұраныс көп. Ф
Облыстық онкодиспансерде реанимация бөлімшесінің басқарушысы Талғат Аманжоловтың айтуынша, басқа өңірден келген жас мамандар баспанамен қамтылады. Жалға алынған пәтер ақысын қызмет орны төлейді. Сондай-ақ айлық табысы да – жоғары.
Өңірдегі онкологиялық диспансер былтыр ашылған. Мұнда жергілікті науқастардан бөлек өзге өңірлерден де келіп қаралады. Қазір бұл жерде елуден аса дәрігер жұмыс істеуде. Былтыр оқу бітірген бес маман ұжымға қабылданып, тағы бірнеше дәрігерге резидентураға жолдама берілген. Айта кетейік, олардың оқу ақысы диспансер есебінен өтеледі.
- Біз 2022 жылдан бері оннан астам маманды дайындадық. Бүгінгі таңда олар бізге жұмысқа шығып отыр. Әрине олар барлық әлеуметтік көмек, жалға алынған пәтермен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ 11 баланы оқытып жатырмыз. Бәрі де – жергілікті кадрлар, - деді облыстық онкологиялық диспансер директоры Нұрлан Жариев.
Ал Маңғыстаудағы ауылдық елді мекендерде 77 бос орын бар. Аймақта дәрігер тапшылығын жою мақсатында биыл өңір басшысы 200-дей грант бөлді. Соның 68-і – бакалавр студенттеріне. Бұдан басқа сала министрлігі тарапынан 79 грант қарастырылды. Қазір облыста 93 медицина қызметкерінің жұмысқа кіру құжаты рәсімделіп жатыр.