© Almaty.tv
Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде есту қабілетін қалпына келтіру үшін ота жасалған баланың беті сал болып қалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Баланың анасы жекеменшік емханада лицензиясыз жұмыс істеген шетелдік дәрігерді айыптап отыр. Оның айтуынша, дәрігер елден кетер алдында бүкіл Қазақстанды бойынша ондаған ота жасаған.
"Мұндай отадан кейін балалар тіпті сағаттың сықырын да еститін болады деді. Біз сол себепті сенім арттық. Негізі ота аяқталғасын бір күннен кейін естіп кетеді. Ал бізде басқаша болды, отадан кейінгі күні ешкім келмеді де. Бала түні бойы құсып шықты. Бала тұншығып қалмасын деп тіпті күйеуім телефон шалғанда да жауап бере алмадым. «Өтінемін! Көмектесіңдер! Бала өзін нашар сезінуде! Дене қызуы 40-қа жетті» деп жылап, көмек сұрадым. Бірақ ешқандай көмек болмады», - дейді бес жасар Никита Пучковтың анасы Ольга Осипова.
Тағы бірнеше ана шетелдік хирургтың отасынан кейін балаларының зардап шеккенін айтады. Аталған дәрігер барлығы 120-ға жуық хирургиялық ота жасапты.
"Операция кезінде беттегі жүйкеге зақым келген. Әсерінен баланың жарты беті түгелдей сал болып отыр. Отадан кейін баланы 10 ай емдедік. Яғни бітпейтін ем-шаралар, екпелер, дәрі-дәрмектер қабылдау мен дәрігерлерге бару", - деп бөлісті ақтаулық аналардың бірі Альбина Ғаббасова.
Бұрынғы науқастардың айтуынша, жеке клиникалар Алматы мен Астанада жұмыс істеген. Ал бүгінде олар басқа елге көшіп кетті.
"Оның Қазақстанда клиникалық тәжірибемен айналысуға рұқсаты жоқ. Бірақ біз айыппұл төлеумен құтылдық. Ата-аналар бұл дәрігерге сенбеген болса, неге операцияға келісім берген? Неліктен жауапкершілікті тек ұйымдастырушылар алу қажет? Әр адам өз баласына жауапты болуы тиіс, - дейді компания өкілі Малика Сұлтан.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Астана қаласы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Дархан Тұрлыбеков тексеріс қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғанын айтты.
Ата-аналар құқық қорғау органдарына арызданған. Қазір емханада тергеу амалдары жүруде. Енді емдеу мекемесі мен науқастардың тағдырын сот шешеді.