© dermatologiya.su
Соңғы үш айда Маңғыстауда 9 жүкті әйел қызылшамен ауырған. Олардың екеуі облыстық перинаталдық орталықта стационарлық ем алып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығы әйелдердің бірі жүктіліктің 37 аптасында, ал екіншісі 12 аптасында екенін хабарлады. Қазір әйелдер емделіп жатыр, қалған 7-і қанағаттанарлық жағдайда.
- Басында науқастардың дене қызуы көтеріледі, катаральды құбылыстар байқалады – жұтыну кезінде ауырсыну, шырышты қабықтың ісінуі болады. Содан кейін бүкіл денесі бөртіп кетеді. Жүктіліктің бірінші триместріндегі қызылша балада өрескел ақауларды тудыруы мүмкін. Екінші және үшінші триместрде ұрықтың дамуы тежеледі. Сонымен қатар, жүктілік кезіндегі қызылша жүктілікті тоқтатудың сөзсіз көрсеткіші емес. Шешім дәрігерлердің консилиумын және болашақ ананың жағдайын ескере отырып қабылданады. Біз жүкті әйелді бақылаймыз, сәбидің жүктіліктің белгілі бір кезеңінде салмақ қосып жатқанын көреміз, - деді Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Тұрсын Қуанышқызы.
Маңғыстау дәрігерлері болашақ аналарға өз денсаулығын бақылауды және мүмкіндігінше қызылшамен ауырғандармен байланысудан аулақ болуды сұрайды.
- Егер сіздің ортаңызда біреу қызылшамен ауырып жатса, оқшаулануға тырысыңыз. Байланыс кезінде де дереу ауруханаға, перзентханаға, емханаға барыңыз, учаскелік дәрігерге хабарласыңыз. Температураның жоғарылауын немесе әл-ауқаттың нашарлауын байқасаңыз үйде отырмаңыз, ауруды уақтылы диагностикалау және емдеу үшін ауруханаға барыңыз, - деп атап өтті Тұрсын Қуанышқызы.