Түпқараған ауданында 3 педагог жалған дипломмен жұмыс істеп келгені белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының отырысы өтті. Аталған басқосуға аудан прокуроры А. Борашев арнайы қатысты.
Қала, ауыл әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары қатысқан коммисия отырысында жер қатынастары бойынша және Түпқараған аудандық білім бөлімі басшысы А.Өтесбаева сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға жасалған мониторинг қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Мониторинг нәтижесінде Түпқараған ауданы бойынша білім беру саласында 3 педагог жалған дипломмен жұмыс атқарғаны анықталған. Түсіндіру жұмыстары нәтижесінде бір педагог мемлекетке 674 974 теңгені қайтарған. Үш педагогтің екеуі Ғ.Айдаров атындағы бірінші мектеп- лицейінің мұғалімдері. Олар мемлекеттік ЖОО-ның бітіргені жөнінде жалған дипломмен жұмысқа орналасқан. Біреуі Ақшұқыр мектеп-гимназиясының педагогы екені айтылды.
Сондай-ақ, басқосуда сыйбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар туралы атқарылған жұмыстарға шолу жасалды.