2023 жылы Маңғыстау облысында менингококк инфекциясының екі жағдайы тіркеліп, біреуі өліммен аяқталды, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz сайты
Менингококк инфекциясы ауа-тамшылары жолымен берілетін жұқпалы аурулар қатарына жатады. Қыс және көктем айларында менингококк инфекциясымен сырқаттанушылардың саны күрт артады.
Ауру бактерияларын тасымалдаушы адам жөтеліп, түшкіргенде я сөйлескенде инфекция сыртқы ортаға бөлініп, басқа адамдарға жұғады.
Аурудың адам ағзасында жасырыну кезеңі орташа есеппен 2-4 күн. Алғашында адамның басы ауырып, қызуы 39-40°С дейін көтеріледі. Әлсіздік, құсу, аяқ-қолдың ауырсыну белгілері байқалып, бөртпелер пайда болады.
«Бактерия мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабаты арқылы енеді. Бұл кезде адамнан назофарингитпен ауыру симптомы байқалады екен. Егер адамның денсаулығы жақсы болса, инфекция әрі қарай таралуын тоқтатады. Ал, егер адамның иммунитеті төмен болса, бактериялар мұрын-жұтқыншақтың лимфа тамырлары арқылы қанға өтіп, әрі қарай ми қабаттарын зақымдайды», - деді Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Көркінбаева.
Аурудың алдын-алу үшін салқын тиюден сақтанып, жылы киінуіңіз қажет. Адамдар көп жиналатын ойын-сауық орталықтарына мейілінше бармағаныңыз абзал. Бетперде киіп, қайнаған немесе таза су ішіп, қажетті жеке бас гигиенасын сақтаныңыз. Спортпен тұрақты түрде шұғылдануыңыз өз денсаулығыңызға пайдалы.