Маңғыстауда биыл өңірлік қан орталығына 9000-нан астам адам жүгінген. Ал тексеріс нәтижелері бойынша 7000-нан астам адам орталыққа қан тапсырған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық қан орталығының директоры Рафаэль Сарсамалиев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, қан тапсыру - заманауи медицинаның ажырамас бөлігі.
- Өтеусіз және тұрақты донорлықты дамыту үшін халық арасында қан донорлығына қатысты білімді арттыру керек. Біздің орталықтың негізгі міндеті – қан және оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сапасын бақылау,сақтау және медициналық мекемелердің сұранысын орындау. Бүгінде қан орталығының қуаты 1 жылда 10 мың донацияға дейін қан өнімдерін дайындауға мүмкіндік береді,-дейді Рафаэль Сарсамалиев.
Сонымен қатар спикер брифинг барысында донорларға қойылатын талаптарды айтып өтті.
- Қан тапсырушы 18 жастан асқкн және салмағы 50 келіден төмен болмауы тиіс. Ал бойы 150 сантиметрден жоғары болуы керек. Негізі донордан 470 мл қан алынады. Оның 20 мл талдауға, яғни АИТВ, Гепатит Б-С, Сифилис ауруларына тексеруге жөнелтіледі. Донор алкогольді ішімдікке, темекі мен есірткіге әуестігі жоқ, соңғы айда ЖРВИ, тұмау,ангинамен ауырмаған болуы тиіс. Сондай-ақ соңғы екі аптада антибиотиктер қабылдамағаны жөн. Қан тапсырарда аш қарынға келіп, бір күн бұрын майлы тағам жемеуі тиіс,- деді Рафаэль Сарсамалиев.
Қан алудың алдында дәрігер донордың саулығын тексереді. Сонымен қатар шай мен тәтті ұннан жасалған кондитерлік өнім беріледі. Қан алынғаннан кейінде пациент өзін қалыпты жағдайда сезінбейінше дәрігердің бақылауында болады. Қан құрамы толық 1,5-2 ай көлемінде қалпына келеді. Сол себепті адамнан 2 ай уақыт мерзімі өтпейінше қан қайта алынбайды. Ерікті донорларға 0,25 АЕК( 765 теңге) көлемінде төлем жасалады.
Айта кетейік, қан орталығы Ақтау қаласы 34 «а» шағын ауданында орналасқан. Тұрғындар қосымша сұрақтар бойынша 9:00-17:30 аралығанда +7 708 592 8064 нөмірі бойынша хабарласа алады.