Маңғыстау облысында биыл 10 ай ішінде онкологиялық диспансер қызметіне 862 адам жүгінген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансер директоры Нұрлан Жариев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, биыл тәжірибелі дәрігерлер 862 адам ішінен 700-ге жуық адамның дерттен айығуына көмектескен.
- Жыл басынан бері 180 мыңға жуық адам скринингтік тексеруден өтті. Өткен жылдармен салыстырғанда өте жоғарғы көрсеткіш. Маңғыстау облысы бойынша 2022 жылы аурудың өсімі 130,1 % құраса, 2023 жылы 2,8 % құрайды. Жыл өткен сайын жақсы нәтиже көрсетіп келеміз,- деді Нұрлан Жариев.
Биыл есепті кезеңде облыстық диспансерде 10 рет ашық есік күні өтті. Жалпы 1 616 науқас медициналық көмек пен кәсіби кеңеске жүгініп, оның ішінде ООД бойынша 624 науқас анықталды. Соның ішінде 32 қатерлі ісік, 66 ісік алды және 72 басқа аурулар анықталып, тиісті шаралар жүргізілген.
Жалпы диспансерде 53 жоғары білікті дәрігер қызмет етеді. Онкоурология, бас-мойын, онкологиялық науқастарды оңалту сияқты шақырылған мамандардың есебінен жаңа бағыттар енгізілген. Жалпы облыс бойынша 31 МСАК ұйымы бар (12 мемлекеттік және 19 жеке).