© Total.kz
Қазақстанда құны 170 млрд теңгеге жуық соманы құрайтын жаңа зауыт ашу жоспарлануда. Бұл жөнінде ҚР энергетика министрлігінде мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz lsm.kz сайтына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын салудың жаңа жобасын 2024-2025 жылдары іске асыру жоспарлануда. Тиісті министрлік мәліметінше қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешімін тапқан. Бұдан бөлек қызмет көрсетуші компанияны анықтау мақсатында тендерлік рәсімдерді жүргізу көзделген.
"Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобаның сметалық құны 167,7 млрд теңгені құрайды", - деп хабарлады ведомство.
Жоба қарыз қаражаты есебінен іске асырылатын болады. Министрлік зауыттың іске қосылғаннан кейінгі өндірістік қуаты мен жаңадан жасақталатын жұмыс орындары жөнінде деректер жариялаған жоқ. Алайда, зауыт құрылысына 300 жұмысшы тартылатындығын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, тағы бір газ өңдеу зауытын Қашағанда 2024 жылға дейін іске қосу жоспарлануда. Бұл нысанның құрылысы 2021 жылдың маусым айында басталды. Бұдан өзге Алматы облысында сұйытылған газды қайта өңдеу зауытын ашу жоспарлануда. Бұл жобаға инвестор 73,3 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Болжам бойынша, кәсіпорынның қуаты тәулігіне 1 млн текше метрді құрайды.