Маңғыстау облысында 2019-2022 жылдар аралығында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 4,9 млрд. теңге қаражат бөлінген. Ал 2023 жылы қосымша 500 млн теңге бөлінген. Бұл туралы mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Пікір Сансызбаевтың айтуынша, бөлінген қаржы бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандырудың екі жолы бар. Біріншісі, «Айналым механизмі» тетігі. Ол бойынша кәсіпкер төмен пайызбен несие алып, белгіленген бағада тауарды сата алады. Ал екінші жолы, өңірлік тұрақтандыру қорын азық-түлік тауарларымен толықтыру. Бұл өз кезегінде, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақты бағада сақталуына септігін тигізеді.
Қазіргі таңда «Айналым механизмі» бағдарламасы бойынша белгіленген бағамен сатуға 10 кәсіпкерлік субъектісіне 8 түрлі азық-түліктің 3816,2 тоннасын өндіруге немесе жеткізуге 683,5 млн. теңгеге төмен пайызбен қарыз берілген. Алдағы уақытта, осы жоба аясында келісім-шарттарды ұлғайту көзделген.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға түсіру туралы 48 сауда объектісі бар 5 ірі сауда желісімен және 235 сауда объектісімен екіжақты келісімге қол қойылған.
-Баға өсімін тежеу мақсатында биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен көтерме жеткізушілердің 56 жәрмеңкесі ұйымдастырылды, - дейді Пікір Сансызбаев.