Ақтауда 17 жастағы студент жарыс кезінде жүрегі тоқтап, құлаған. Спортшының бапкері Элвин Агаев баланың соққыдан өліп кетуі мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Мен оның ата-анасын танымаймын. Жаңадан келген еді. Жарысқа қатысатындардың тізімін жасағанда ол да бұл чемпионатқа қатысқысы келетінін айтты. Оның ауыр салмақта сынға түсе алатыны көрініп тұрды. Салмағы да жеткілікті, қол-аяғы мықты еді. Бірінші жекпе-жекте уақытынан бұрын жеңіске жетті. 20 секундқа жетпей қарсыласынан басым түсті. Екінші жекпе-жекке шығып, барынша мүмкіндігін көрсетті. Алайда кездесудің ортасында әлсірей бастады. Үзілісте бапкер ертінде аузынан капасын алып, «жағдайың қалай?» деп сұрадым. «Бәрі жақсы, жарысты жалғастырамын» деді. Терең тыныс алып көрді. Су бүркідім. Осылайша ол қайта алаңға шығып, 30 секунд өткенде жерге құлады. Бейнежазбада оның барлығы көрініп тұр. Ол соққы тигенше құлап бара жатыр еді. Қанат ондай соққыдан құламайтын еді. Сондықтан, оны соққыдан құлады деуге келмейді, - деді Элвин Агаев.
Марқұм спортшы Элвин Агаевтың қол астында 3 ай бойы жаттыққан. Бұған дейін ол ешқашан денсаулығына шағым айтпаған. Қанат кикбокстан әлем чемпион болған.
- Қанат маған жаттығуға келді. Біздің спорт мектебінде тай боксы бойынша жас секцияны жаттықтырамыз. Осы жарыстан 2-3 апта бұрын бізге ұсыныс түсті. Шәкірттерімнің арасынан балаларды таңдап, қатыстырамын. Марқұм Қанат ауыр салмақта өнер көрсетті. Өте тәжірибелі болатын. Осыдан бұрын Әлем чемпионатында ол жеңіл салмақта өнер көрсеткен. Кейін бір жылдай үзіліс жасап, қайтадан спортқа оралған, - деді Элвин Агаев.
Сондай-ақ бапкер осыған дейін Қанаттың неліктен спортта бір жыл үзіліс алғанын білмейтінін айтып отыр. Ол жас спортшының мықтылығын бірден байқаған.
- Егер оның денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, бұған жол берілмес еді. Қарсыласымен салмағы сәйкес келіп тұрды. Ал жарыс алдында дені сау екені туралы анықтаманы клиникадан өздері алады. Анықтаманы біздің федерация бермейді, басқа дәрігерден алған, - деп қосты бапкер.
Журналистерге сұхбат берген жаттықтырушы спортшының ораза ұстағанын айтты. Бірақ ол мұны бала қайтыс болғаннан кейін ғана білген. «Бұл туралы алдын ала білгенде жарысқа жібермейтін едім» деді жаттықтырушы.
Айта кетейік, спортшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.