Ақтауда алимент берешегін төлемеген 10 борышкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, сот қаулысы бойынша 6 борышкер 3 тәулік мерзімге қамауға алынып, қалған борышкерлерге 5 АЕК мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша Қылмыстық кодексінің 139-бабының 1-бөлігімен 3 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Мысалға, азамат «A» кәмелетке толмаған екі баланы асырау үшін алимент төлеу туралы сот бұйрығын үш жыл бойы орындамаған.
Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен азамат «A» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған.
Ақтау қаласының прокуратурасы борышкерлерге алимент төлемегені үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы қарастырылғанын ескертеді», - деп жазылған Маңғыстау облыстық прокуратурасының хабарламасында.