Жақында Маңғыстауда «Маңғыстау – Тетис мұхитының орны» атты деректі фильм түсірілді. Фильм әлі жарыққа шықпады, десе де көптің қызығушылығын тудырып жатыр. Осы орайда деректі фильмнің түсірілім тобы, режиссері Гауһар Ауғанбаева, қоюшы-операторы Александр Рубанов және актер Бексұлтан Жанай mangystaumedia.kz студиясына келіп, сұхбат берді.
Фильмді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен «Ардфильм» студиясы түсіріп жатыр.
Адам сусыз өмір сүре алмайды, соған қарамастан қоғам суды жою үшін бәрін жасап жатыр. Бұл – режиссерлер жеткізгісі келетін негізгі сюжеттік желінің бірі. Сұхбатта біз фильмнің идеясымен танысып, деректі фильмнің негізгі концепциясын авторлардан сұрап, білдік.
– Фильм туралы айтсаңыз. Сюжетте су мәселесі, соның ішінде Маңғыстаудағы экологиялық мәселе көрсетіле ме?
– Маңғыстау өңіріндегі су мәселесі туралы фильм көп. Көрермендер мен оқырмандар біздің фильмді де кезекті бір экология туралы туынды деп ойлауы мүмкін. Осы орайда нені көрсеткеніңіз емес, оны қалай көрсете алғаныңыз маңызды дер едім. Бұл – режиссердің басты міндеті, оның пайымдауы, материалды оқып, жеткізе алуы маңызды. Фильмде тек судың экологиялық проблемаларын ғана көрсетпейміз, сондай-ақ оның құндылығы айтылады. Адам сусыз өмір сүре алмайтынын түсінеді, соған қарамастан соңғы уақытта адамзаттың істеп жатқаны бұл шындықты жоққа шығаруда. Міне, оқиға желісінің бір үзіндісі осы жөнінде болмақ. Патриотпыз, сондықтан туған елдің көркем тілі мен өзіне тән үлгісі арқылы табиғатымыздың сұлулығын қаз қалпында көрсетеміз. Сол арқылы табиғат мәңгілік, ал, біз, адамзат уақытша тіршілік иесі екенін көпке жеткізгіміз келеді. Айта кетейік, фильм тек қазақстандық көрерменге арналмаған.
– Фильмде ойдан шығарылған әңгіме бар ма? Әлде құжаттағы деректерге ғана негізделеді ме?
– Біз мамандардың, ғалымдардың зерттеуіне жүгінеміз, олар бізге суреттеп, нақты деректерді айтады. Содан кейін ғана компьютерлік графика арқылы Тетис мұхиты болған кезді көрсетуге тырысамыз. Фильм нақты ғылыми дәлелдерге негізделген және бұл дәлелдер деректі ақпараттық кадрлар түрінде де, тікелей сұхбат түрінде де ұсынылады. Адамдар бұрын қалай болғанын және қазір қандай екенін анық көруі керек. Фильмнің өзіндік сюжеті, кейіпкер мен актер болады, қалғаны құпия.
Біз «қолда барға қамқорлық жасау» идеясын жеткізгіміз келеді. Өйткені табиғат балаларымызға қаз қалпында берілуі тиіс. Тек Маңғыстау ғана емес, әлемді айтып отырмын. Адамдар табиғат аясына демалуға келеді, өкінішке қарай, қоқысын тазаламайды. Қоқыс суда жатады, ал судағы жануарлар сол қоқыспен қоректенеді: пластик және целлофан. Экологиялық жүйе бұзылып жатыр. Ортақ үйіміз – табиғатқа қамқорлық жасауымыз керек екенін адамдар түсінеді деген үмітпен осы фильмді түсіріп жатырмыз.
– Қалың көрерменнен не күтесіз?
– Біріншіден, фильмді экологиялық тақырыпқа, су мәселесіне қатысты кинофестивальдарда көрсеткіміз келеді. Әлемдік қауымдастық мақұлдаған соң көрермендерімізге өнімді ұсынамыз. Біз фильмді коммерциялауды көздемейміз, себебі, бұл – көркем фильм емес, деректі фильм. Оны үлкен кинотеатрларға шығаруға болмайды. Бірақ, монтаж жұмыстарынан кейін телеарналармен келіссөздерді бастаймыз, өйткені бұл кез келген деректі фильмнің жүрер жолы. Әрине, көрермендерден фильмнің ұнағанын күтеміз. Берілетін баға оң, теріс болса да фильмді аудитория үшін жасап жатырмыз. Саясат пен экономикаға қатысты сұрақтарға жоламаймыз. Яғни, біздің фильм күнделікті жұмысын істеп жүрген қарапайым халыққа, үлкен мен кішіге ортақ. Олар осы ортада өмір сүреді және су тапшылығын бізден де, ғалымдардан да жақсы біледі. Фильмде ешқандай Американы ашпаймыз. Көрерменнің кері байланысы – негізгі ойды қаншалықты жақсы жеткізе алғанымызды түсінудің жалғыз жолы.
– Естуімше, фильмде Маңғыстаудағы құдықтар туралы да айтылады екен. Осы ретте құдықтың жергілікті тұрғындар өміріндегі рөлі қандай және басқа аймақтардан қандай ерекшелігі бар екен деп ойладым?!
– Сұрағыңыз бен қызығушылығыңыз фильм көпке ұнайтынына, дұрыс бағыт таңдағанымызға сенім ұялатып отыр. Әрине, басты бағалаушы көрермен екенін ұмытпаймыз. Ал құдық арқылы фильмнің тағы бір мәнін ашуға болады. Яғни, құдақ кейде аллегория сияқты көрінеді, ал кейде шындықты көрсетеді.
– Неліктен Маңғыстаудың құдықтары?
– Мұнда көптеген байланыс бар, атап айтсақ, фильм тек ғылыми ақпаратқа ғана емес, ел аузындағы әңгімелерге де негізделген. Мұндай тоғысу эпос, аңыздар мен ертегілерден бастап, ғылымға дейін жалғасқан. Маңғыстаудың басқа өңірлерден ерекшелігі – мұнда аңыздар мен дәстүрлер, белгілі бір мифтер сақталған. Ол сумен байланысты, шамасы, Тетистің орналасқан жері, мұхит түбі себеп болуы мүмкін. Демек, құдық су және адам өмірінің аллегориясы іспетті.
– Түсірілім тобы туралы айтып берсеңіз?
– Идея авторы – Александр Рубанов, бірақ ол өте қарапайым, өзін идея авторы ретінде айтуға ұялады (күледі). Сондай-ақ, ол – қоюшы-оператор. Александрдың ауыз толтырып айтарлықтай тәжірибесі бар, сіз оның барлық фильмографиясын ғаламтордан көре аласыз. Режиссер – белгілі Қайрат Қуанышбай, сценарий авторы – Бейбарыс Жұманиязов. Екінші оператор – Мерей Мусин, ол басқа жобалардың қоюшы-режиссері қызметін де атқарады. Дыбыс инженері – Илья Гариев. Міне, осындай шағын түсірілім тобы. Жобаның өзі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен мемлекет қаржысына орындалып жатыр. «АРДФИЛЬМ» ЖШС өтінімі арқылы берілген деректі фильм питчингте үш жылдай болды. Міне, осы жолы түсіру бұйырды. Су мәселесі қазірдің өзінде мемлекеттік деңгейде тұрған өзекті тақырып, жағдайды бәрі біледі, сондықтан фильм түсірілді. Көпшілік фильмнің барлығы «ҚАЗАҚФИЛЬМ» киностудиясында түсіріледі деп ойлайды, бірақ олай емес. «AРДФИЛЬМ» ЖШС – Ардақ Әмірқұловтың продюсерлік орталығы. Ардақ Әмірқұлов – белгілі кинорежиссер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. «Отырардың өлімі», «Қош бол, Гүлсара», «Абай» сияқты әйгілі фильмдердің режиссері және осы продюсерлік компанияны құрған адам. Мен Гауһар Ауғанбаева және Саша екеуміз осы компанияда жұмыс істейміз.
– Фильм мемлекеттік тілде шыға ма?
– Мемлекеттік тілде шығады. Алдымен қазақ тілінде, кейін аударма арқылы орыс және ағылшын тілінде көрсетіледі. Біз әлемдік қауымдастыққа жетіп, кинофестивальдерге қатысқымыз келеді. Үш тілде дыбыстап, сауатты аударма жасау фильм үшін маңызды. Сондықтан, фильмде айтылған ойдың мәні мен тереңдігін толық жеткізуге көп күш салу керек. Мүмкін дыбыстық дубляж немесе субтитр да болуы мүмкін. Біз мұны әлі шешкен жоқпыз.
– Сонымен фильмнің өзін қашан көреміз?
– Күзде. Күзде осы жобамен көрермендерімізді қуантамыз деп ойлаймыз. Қазірдің өзінде қатты уайымдап, толқып жүрміз.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА