© Zhasalash.kz
Жиі қойылатын сұрақтардың бірі - көппәтерлі тұрғын үй шатырынан су кеткен жағдайда пәтер иесі кімге жүгінуі қажет. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Нұрадин Көшербай жауап берді.
Оның айтуынша, “Тұрғын үй қорын техникалық пайдалану және ұстау” ережелеріне сәйкес, тұрғындар қажеттілік бойынша тұрғынүйді немесе пәтерді салу кезінде қарастырылған коммуналдық қызметтердің барлық түрлерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Тұрғын үйдің жекелеген бөліктерінің жай-күйінің жауапкершілігі меншік иелері сенімхат немесе шарт негізінде тұрғын үй қорын басқаруды сеніп тапсырған лауазымды адамдарға жүктеледі.
-Құрылыс нормаларына сәйкес, ортақ мүліктің ақаусыз жай-күйіне кондоминиум обьектісін басқару органы жауапты. Көппәтерлі тұрғынүйдің шатырынан су кеткен жағдайда пәтер иелері қызмет көрсетуші мекемеге жүгінулері қажет. Әкімдік бюджет қаражаты болған жағдайда көпқабатты үйлердің қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға және қаржыландыруға құқылы. Алайда, қазір бюджетте мұндай қызмет түрлеріне қаржы қарастырылған жоқ. Сондықтан, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша 2020-2025 жылдарға арналған “Нұрлы Жер” мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері көпшілік дауыспен қайтарымды негіздегі бюджеттік несие ала алады, - дейді Нұрадин Көшербай.