Құлсарыдан Ақтауға уақытша қоныстанған тұрғындармен психологтар тұрақты жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Психологиялық көмек көрсетіп жатқан маманның бірі - Ақтау қаласы әкімдігі «Жанұя» отбасын қолдау орталығының психологы Дариға Назарова. Ол «Маңғыстау туризм колледжіне» тұрақтаған тұрғындарға қызметін ұсынып жүр. Айтуынша, табиғи апат салдарынан сағы сынған халыққа екі кезеңдік психологиялық көмек көрсетіледі.
«Алаңсыз отырған адамға мезгілсіз келген қиындық психологиялық соққы болатыны белгілі. Сондықтан адамға дер кезінде психологиялық көмек көрсету өте маңызды. Себебі ертеңгі күні әрбір ағайын психикалық бұзылысқа түсіп кетпеуі қажет. Бүгінге дейін 20 адаммен жұмыс жүргіздім. Барлық тұрғында жарақаттан кейінгі синдром (постравматический синдром) болды. Өмірге деген белгісіздіктің өзі адамның энергиясын тауысып, миды шаршатады. Осының алдын алу бағытында жұмыстар жүріп жатыр», - деді психолог Дариға Назарова.
Нақтыласақ, алдымен психология бойынша диагностика жүргізілді. Бұл кезеңде адам бойындағы қорқыныш, үрей, үмітсіздіктің деңгейі анықталады. Содан кейін түзете-дамыту жұмыстары жүргізілетінін ескертті.