Ақтау қаласының тұрғыны облыс әкімдігінің телеграм арнасында «Каспий» футбол клубы соңғы 3 айда 600 млн теңге жұмсағанын айтып, шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғынның айтуынша, футбол клубына бөлінген қаражат пайдасыз сауылып жатыр.
- Клуб өткен 3 айда 600 000 000 қаражат сауған. 3 айдан кейін клубтың қаржысы бітеді. Қалған жарты жылға тағы да қаражат бересіздер ме сонда?, - деп облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сауал жолдады.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, 2024 жылы Маңғыстау облысының спорт басқармасымен жасалған шарт шеңберінде «Каспий» кәсіби футбол клубын қосымша қаржыландырмайтындығы туралы категориялық нысанда шарт қойылған.
- Сондықтан клуб 2024 жылға бөлінген бюджет шегінде жұмыс істейді және қосымша бюджетке сұраныс бермейді (ескере кету қажет, кредиторлық шығындарды қоса есептемегенде). Әлеуетті серіктестер мен сырттан демеушілік қаражат тарту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деді МО дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері.
Клуб баспасөзінің айтуынша, «Каспий» футбол клубына 2024 жылға 1 млрд 200 теңге қаражат бөлінген. Алайда, 2023 жыл қорытындысы бойынша клубтың берешек қарызы 1.076 млрд теңгені құраған.
- Қазір 3 айда игерлірген 600 миллион теңгенің 70% пайызы 2023 жылдың қарыздары (еңбек-ақы, салық төлемдері, жеткізушілерге берешек қарыздары, FIFA портал бандары, сот шешімдері негізіндегі төлемақылары) төленді, - деп жауап берді «Каспий» футбол клубының баспасөз қызметі.