Маңғыстау облысының жастары "Ахмет. Ұлт ұстазы", "Міржақып. Оян қазақ", "Абай жолы" телесериалдарының авторы Мұрат Есжан және Ұларбек Нұрғалымұлымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу TedX форматында өтті. Алдымен ақын, сценарист Ұларбек Нұрғалымұлы сахна төріне шығып, Абай Құнанбаевтың даналығы мен өмір жолын, оның шығармасындағы философиялық мазмұнын жеткізді. Сол арқылы Абай айтқан "толық адам" іліміне шақырды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен қазақы тәрбиенің жоғалып бара жатқанына алаңдап, жастардың ізденіске, білім алуға құштар, өнегелі ұрпақ болуы қажет екенін айтты.
Алаш қайраткерлерінің көп білмейтін өмірі мен болмысын жұртқа жеткізуді мақсат еткен Мұрат Есжан зиялылық туралы сөз қозғады.
Ол өз сөзінде: "Қазақ баласы зиялы болуға ұмтылуы керек. Зиялы деген сөз өз масштабынан кеңірек ойлау, ізгілікке сену", - деді. Осылайша, елге, қоғамға пайдалы іс жасаудың асыл қасиет екенін түсіндірді. "Өзім" деп еткен істің нәтижесі мен жеңісі тек бір адамды қуантады, ал көптің өсіп-өркендеуі үшін жасалған істің ғұмыры ұзақ болатынын тілге тиек етті.
Мотивациялық кездесу барысында өңір жастары келген қонақтарға Алаш алыптары, кино индустриясы, елдің болашағы мен ұлттық тәрбие жөнінде сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.
Айта кетейік, аталған "Lectorium" жобасы "Mangystau Nauryz Fest - 2023" жастар фестивалі аясында ұйымдастырылды.