Мен Отарова Ақмарал Нұрғожақызын оқушы кезімнен білемін. 1988 жылы Түпқараған аудандық қазақ тілі мен әдебиеті бойынша пәндік олимпиада жеңімпаздарын облыстық олимпиадаға бастап барғанда, Е.Өмірбаев мектебінен шыққан жеңімпаз оқушы ретінде сол топтың ішінде мен де бар едім. Сол кезде жүріс-тұрысы ширақ, жып-жинақы, сөзі салмақты, мінезі қаталдау, түр-тұрпаты келісті апайға арқа сүйедік. Оқушы кезімізде апайлардың бәрі үлкен болып көрінетін. Ақмарал апайдың сол кезде 24 жастағы бойжеткен екенін білген де жоқ едік... 2003 жылдан бері Ақмарал Нұрғожақызымен университетте әріптес болып, әлі күнге бірге келеміз.
Қазіргі заманда оқытушыдан өз пәнінің білгірі болудан бөлек, танымдық, педагогикалық-психологикалық, ақпараттық сауаттылық талап етіледі. Саналы ғұмырын еліміздің болашағы жас ұрпақтың тәрбиесіне арнаған осындай ұлағатты ұстаз, талантты ұйымдастырушы, тіл жанашыры Ақмарал Нұрғожақызы жастар бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру бағытында аянбай еңбек етіп келе жатыр.
Адамның толыққанды қалыптасуына шыққан тегі, ата-анасы, білім алған, өскен ортасының ықпалы зор болады. Ақмарал киелі мекен Маңғыстаудың Түпқараған ауданындағы бір жағы теңіз, бір жағы таулы-тасты табиғаты әсем, ауасы саф таза, басқа еш жерге ұқсамайтын ерекше әдемі Қызылөзен ауылында туып-өсті.
Әкесі Нұрғожа Отарұлы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын бітіріп, Қызылөзен, Ақшұқыр совхоздарында зоотехник, бас зоотехник, ферма меңгерушісі, жұмысшылар комитетінің төрағасы сияқты қызметтерді абыройлы атқарып, Маңғыстау өлкесінің ауыл шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлесін қосқан білікті маман ретінде танымал болды. Түпқараған ауданының Құрметті Азаматы, зейнеткерлікке шыққан соң да Ақшұқыр ауылындағы ақсақалдар алқасының төрағасы қоғамдық қызметтерін атқарып, ортасына беделді, сөзге шешен, парасат биігіне көтерілген абыз ақсақал болатын. Анасы Үзілхан Құлынтайқызы саналы ұл-қыз тәрбиелеген «Батыр Ана» ордені мен «Алтын алқа» иегері болды. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды ұстанып, әрдайым басшылыққа алып отыратын Отаровтар әулеті – өлкеге белгілі үлгілі отбасы.
Табиғатының әсері ме, Қызылөзеннің адамдарының да рухани жан дүниелері ерекше, болмыс-бітімдері де шынайы болатын. Ақмаралға мектепте сабақ берген ұстаздары – бастауышта қолыма қалам ұстатқан Ақбала апай Майшаева, сынып жетекшісі Шолпан апай Әбетова, физикадан сабақ берген Гүлсағия апай Есенкөбекова, химиядан сабақ берген Айкүміс апай Досановалар осы Қызылөзеннің топырағында туып-өскен, бойларына қазақы болмыс-бітімді, әдемілікті, әсемдікті жинаған сымбатты, қолаң шаштары тізеден түскен сұлу да салиқалы жандар болды. «Адамның адамшылығы – ұстаздан» деген сөздің түбінде үлкен мағына жатыр. Осындай ұстаздардан нәр алған Ақмаралдың осал болуы мүмкін емес еді.
Бастауыш сыныпты З.Баймырзаев атындағы мектепте, одан әрі Ақшұқыр аулындағы қазіргі М.Әбдіхалықов атындағы орта мектебін табысты аяқтаған Ақмарал бала кезінен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болуды армандаған. Балалардың үлкені «мұғалім» болып, үйдегі кішілерді «оқушылар» қылып, өзін тыңдату – көп балалы отбасылардың көбінде бар үрдіс. Балалардың үлкені әрі өзі де, сөзі де тиянақты Ақмарал 5-сыныпта оқып жүрген кезінен бастап іні-сіңлілерінің күнделіктері мен дәптерлерін, сабақтарын тексеріп, әрқайсынан үй тапсырмаларын сұрап, оқымағандарды бұрышқа тұрғызып қоятын. Осылайша кішкентай кезінен жауапкершіліктің не екенін сезініп өседі. Бүгінде бір-бір үйдің түтінін түтетіп, сүйікті жар, ардақты ана, аяулы келін атанып отырған сіңлілері: «Бала кезімізде Ақмарал тексереді деп күнделікті сабаққа мұқият дайындалатынбыз. Сабаққа дайын емес күндері қатты қорқатынбыз. Қазір ойлап қарасам, Ақмарал сол кезде небәрі 5-сыныптың оқушысы екен ғой. Апамыздың арқасында үлгеріміміз жақсы болды», – деп күліп еске алады.
Сынып жетекшісі Шолпан апайы мектепішілік, аудандық, облыстық білім сайыстары мен жарыстарына, пәндік олимпиадалар мен шығармалар байқауына ерекше қабілетті Ақмаралды үзбей қатыстырып отыратын. Бәйгеден аты озып келсе, ұстазға да мерей емес пе? Бұл додалар келешекте Ақмаралдың маман болып қалыптасуына зор ықпалын тигізді.
Мектеп бітірген соң арманшыл жас Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, өзі армандаған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алды.
Ол кезде оқуға түсу қазіргідей емес еді. Қарағандыға арман қуып барған 200 талапкердің 8-ден 1-і ғана оқуға қабылданады. Тартысты конкурста оқуға қабылданған 25 талапкердің бірі болып Ақмарал да студент атанады. Алғашқы курстан бастап сабағын өте жақсы оқып, қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүреді. Ән айту, сурет салу, мақала жазу қабілетін де тасада қалдырмаған Ақмарал студенттік «Балауса» газетінің редакция алқасының мүшесі болады. Газеттің белді мүшелері белгілі айтыс ақыны Қуаныш Мақсұтов, баянауылдық ақын қыз Қаниса Қосыбаевалармен қатар жарияланып жүретін. Университетте оқыған жылдары филология факультетінің үздіктер тақтасында суреті жарқырап тұратын Ақмарал оқу бітіргенше ең жоғарғы шәкіртақыдан қол үзбеген.
Ақмарал 2-курстан бастап «Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы жер-су атауларының лексика-грамматикалық сипаты» деген тақырыптағы диплом жұмысын жазып бастайды. Бұл тақырыпты таңдауына себепкер болған ғылыми жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор Төлеубай Қордабев еді. Профессор Т.Қордабаев жетекші болу үшін студенттерді өзі таңдайды. Қазақ тіл білімінің корифейі таңдаған екі студенттің бірі болуы, білікті ғалымнан жылы сөз естіп, сеніміне кіруі Ақмарал үшін теңдесі жоқ марапат еді.
«Қазақстанда бұрын екі университет болатын: бірі Алматыдағы ҚазМУ де, екіншісі Қарағандыдағы ҚарМУ еді. 80-ші жылдардың ортасында ҚарМУ филология факультетінің қазақ бөліміне Алматыдан қазақ тіл білімінің белгілі мамандары – профессорлар Т.Қордабаев пен Ә.Құрышжановтың Қарағанды қаласына келіп студенттерге дәріс беруі қазақ бөлімі үшін ерекше серпіліс болды. Жасы жетпіске келсе де шаршау мен кәріліктің бір белгісі жоқ ширақ ғалым Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев «Жалпы тіл білімі» курсынан мазмұнды дәріс оқитын. Білімге келгенде қатал талап қоятын ғалым ұстаз бір жағынан әділ де өте мейірімді, кішіпейіл жан еді. Ұстаздарым А.Байтанаев, Ә.Құрышжанов, А.Лекеров, Ұ.Оспалақова, Ж.Смағұлов, Х.Нұрмұқанов, Ж.Бектұров, М.Смағұлов ағайларымды ерекше ықыласпен еске аламын. Университетті үздік белгімен бітірген соң маған ұстазым, бітіру жұмысымның жетекшісі Т.Қордабаев одан әрі аспирантураға қалуыма кеңес беріп, ғылым жолына түсу қажеттігін айтқан болатын. Алайда өзім үйдегі балалардың үлкені болғандықтан, әке-шешеме көмектесіп, кейінгі іні-сіңлілерімді оқытуға жәрдем беруді, алдымен еңбекке араласуды ойлап, ауылға кеттім», – деп еске алады Ақмарал Нұрғожақызы.
А.Отарова 1986 жылы филолог-оқытушы біліктілігімен аталмыш оқу орнын үздік дипломға бітіріп келеді де, еңбек жолын өзінің өскен ауылы Ақшұқырдағы бүгінгі М.Әбдіхалықов мектебінде ұстаздықтан бастайды. Жас маман бірден жоғары 10-11 сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп бастайды. Алғашында жас маманды сынау бағытында мектеп басшылығы Ақмаралдың өткізген сабақтарына қатысып көреді. ҚарМУ-дей ұлағатты ұядан алған білімі мен тәлімін тәжірибемен шебер ұштастыра білген жас бірден мақтауға ілігеді. Түпқарағандық әріптесі, тәжірибелі ұстаз Қадырқұл ағай жас маман Ақмаралдың шеберлік сабағына қатысып, аудандық мұғалімдер жиналысында «Айналайын Ақмарал! Сенің теориялық та, практикалық та, әдістемелік те білімің жетеді. Басқа мұғалімдер, сендер ренжімеңдер, қай жағынан алып қарағанда да Ақмарал бәріңнен көш ілгері, осы бетіңнен тайма!» – деп ризашылықпен айтқан сөздері әлі есінде.
Сабақты түрлендіріп өткізуді жолға қойған жас маман сабаққа ынтасы жоқ оқушылардың өздерін де қызықтыру жолдарын ойлап, сабақта сахналық қойылымдарды көптеп ұйымдастыратын. Мәселен, әдебиет сабақтарында көркем шығармалардағы кейіпкерлерді сомдау, сол образдарға ену үшін оқушыларға рөлдерді бөліп беретін. Оған балалар қызыға дайындалып келетін еді.
Ақмарал қазіргі М.Әбдіхалықов мектебінде (ол кезде Ш.Ералиев атындағы орта мектеп) марқұм болып кеткен бұрынғы ұстаздары сол кездегі мектеп директоры Әзен Мәткеров, тәрбие ісі орынбасары Жалау Қазиев, ұстаздары Бөрібай Толыбеков, Айжарық Иасев, Зия Жанашева, Жаңбырбай Көптілеуов, Орынша Көптілеуова, Ғаділбек Биманов, Қалнияз Жанқұлов, Қибатқали Әмірханов, бүгінде қызмет етіп жүрген Сүйіндік Қабылов, Шайқы ағайларын әрі сағынышпен, әрі мақтанышпен еске алып отырады. Бұл ұстаздардың қай-қайсы да өз ісінің білгір мамандары, нағыз майталмандары болды.
Жас маман кезінде Ақмарал біреше рет облыстық білім басқармасының бұйрығымен аудандық мектептердің фронтальдық тексерулерінің комиссия мүшесі болды. Мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарғанда мектеп өмірі қайнап жататын. Неше түрлі үйірмелер оқушылардың ынтасын арттыратын. Облыста алғаш қазақ-түрік лицейі ашылып жатқанын естіп, Оразов Нұрбек, Көкшеева Гауһар, Бекбосынова Насихат, Қабақова Гүлім сияқты талабы таудай оқушыларды қолдарынан жетелеп апарып, келешек өмірлеріне бағыт берді. Көптеген шәкірттері Ақмарал апайдың жолын қуып, ұстаз болды. Белгілі әнші Тамара Асар да өзі жетекшілік еткен сыныбындағы талантты оқушылардың бірі болатын. Дарынды балалардың көп шығуы ұстаз еңбегіне тікелей байланысты. Ақмарал апай – өзінің ісіне деген адалдығымен, жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығымен, адамгершілігімен танылған ұстаз.
А.Отарова 1994 жылы Түпқараған аудандық мәслихатының депутаттығына сайланды. 1995-2003 жылдары Ақтау қаласындағы №24 орта мектепте, №11 мектеп гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ш.Әленов атындағы облыстық халықтық педагогика атаулы мектебі, Қ.Айтқалиев атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті атаулы мектептерінің мүшесі болды.
Ғылым жолына түсу мақсатымен 2003 жылы Есенов университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына оқытушы болып ауысады. 2005 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында ізденуші болып кандидаттық диссертация жұмысын бастады. 2010 жылы аталған университетте қазақ әдебиеті мамандығы бойынша профессор З.Қ. Бисенғалидың жетекшілігімен «Маршал Әбдіхалықовтың әдеби мұрасы» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. «Кандидаттық диссертация тақырыбымды дипломдық жұмысымды одан әрі тереңдетіп зерттеу мақсатында Маңғыстау жер-су атауларын жазу ойымда жүрген. Өз ойымды айтқанымда жетекшім «Маңғыстаудан келсең, неге сол жерден шыққан күні бүгінге дейін зерттелмей жатқан алғашқы журналист, жазушы, драматург Маршал Әбдіхалықовтың әдеби мұрасын қарастырмайсың? Осы тақырыпты сенен де бұрын екі адамға ұсынып едім, зерттелмеген тақырып болған соң қиынсынып, материал таба алмадық деп тастап кетті», – деді. Өзімнің оқыған мектебім М.Әбдіхалықов атында. Маңғыстаудың Маршалы атанған тұлғаның мұрасын зерттеу керек деген намыс қайрап, осы тақырыпты қиын болса да зерттеп бастадым», – дейді Ақмарал.
Ақмарал Нұрғожақызы М.Әбдіхалықов туралы алғашқы ізденісті жазушының замандастарымен сұхбаттан бастайды. Тұстас, замандас қаламгерлер Ә.Кекілбаев, С.Сматаев, Қ.Ысқақовтармен сұхбаттасқанда бәрі де Ақмаралға: «Кезінде сыншысы болмады, Маршекең ешкімге жағымпазданып өзін дәріптеген жоқ, нағыз еңбектің бәйгеторысы еді, сондықтан ол туралы кезінде басқалар сияқты жан-жақтан мақтаушылары болмады. Бәрін өзің бастайтын болғандықтан, айналайын, бейнетің көп болады, бірақ ол кісінің рухы разы болып, еңбектерін ғылыми айналымға енгізесің» деген еді. М.Әбдіхалықовты ғылыми орта жоғары бағалап, А.Н. Отарованың Маршал мұрасын зерттеуіне ықыласпен қарады. Қорғауына арнайы келіп қатысқан қазақ әдебиетінің корифейі Т.Кәкішев: «Қарағым, осы Маршал Әбдіхалықовтың әдеби мұрасы қорғалады деген соң тыңдайын деп келдім. Өте жақсы қорғадың, үлкен жұмыс бітірдің, өшкенді жағып, өлгенді тірілттің. Маршал Әбдіхалықов мықты қаламгер еді, туған жерін қалай жақсы көрді! Адамгершілігі де зор, ортаға сыйлы азамат болды. Ризамын, шырағым», – деп Ақмаралға ақ батасын берген еді. Осындай туған жерінің жыршысы болған, жалған атақ-даңқ қуаламай, адал ісімен, ақ пейілімен халқын шын жүрегімен жақсы көріп, халқы да оның қадірін білген М.Әбдіхалықов мұрасын алғаш рет жинақтап ғылыми айналымға енгізгені А.Отарованың тынымсыз еңбегінің нәтижесі еді. Алдағы уақытта Ақмарал Нұрғожақызы М.Әбдіхалықовтың баспа бетін көрмеген, ескі газет-журнал беттерінде кезінде бір-ақ рет жарияланып, одан соң баспа бетін көрмеген, жинақталмаған публицистикалық дүниелерін, кітаптарын жинақтап шығаруды жоспарлап жүр.
2013-2014 оқу жылынан бастап күні бүгінге дейін доцент А.Н. Отарова «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Бұл кезең кафедраның өмірінде университет көлемінде ғылыми әлеуеті жоғары (100%), ғылыми, әдістемелік, тәрбие жұмысы толық жолға қойылған, аймақтық қана емес, республикалық деңгейде мойындалған білім беру, маман дайындау, мемлекеттік тілді дамыту орталығына айналуымен сипатталады. Жаһандық білім беру стандарттарының басты талаптарына сай сапалы білім беру, саналы тәрбие, білікті ғылыми кадрларды дайындау ісінде, әсіресе қазақ тілін мамандықты игерту құралы, ғылыми білім тілі ретінде танытуда кафедра көптеген игі іс-шаралардың ұйытқысы болып отыр. Осы жылдар оқытушылардың біліктілігін арттыруды дамыту, кафедраның сабақ беру үдерісін оқу-әдістемелік жақтан жан-жақты қамту, халықаралық қарым-қатынасты жандандыра түсуімен ерекшеленеді. Кафедра дайындайтын «5B011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» бакалавриат және «6M011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» магистратура мамандықтары, «6D020500-Филология» докторантура мамандығы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің мамандықтарды аттестациялауынан үнемі үлкен жетістікпен өтеді. 6В01701-Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасы Атамекен Ұлттық рейтингінде алдыңғы орындардан көрініп келеді.
Маңғыстау облысының білім басқармасы, облыстың қала мен аудандарының білім бөлімдерімен жасалған меморандумдарға сәйкес Түпқараған ауданында М.Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназиясында, Ғ.Айдаров мектеп-лицейінде, Ақтау қаласындағы 19-мектеп-гимназиясында, Маңғыстау өнер колледжінде, Маңғыстау облыстық филормониясында кафедра филиалдары құрылып, дуалды оқыту бойынша екі жақты кері байланысқа құрылған оқу-әдістемелік жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қоса облыстық, аудандық «Дарын» орталықтарында оқушыларды ғылыми жұмысқа баулу, олимпиадаға дайындау курстарын жүргізіп отырады.
М.Ақмолда атындағы Уфа мемлекеттік педагогикалық университетінің (Башқұртсан) «Башқұрт тілі мен әдебиеті және мәдениеті» кафедрасымен, Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан автономиялы Республикасы Нөкіс мемлекеттік университеті «Қарақалпақ тілі мен әдебиеті» кафедрасымен халықаралық ынтымақтастық жөнінде Келісім шарт жасақталды. Аталған келісім шарттар негізінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы магистрлері Баку мемлекеттік университетінде, Уфа мемлекеттік педагогикалық университетінде жыл сайын тағлымдамадан өтіп отырады.
Кафедраның басшысы ретінде ҚР Тіл туралы заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың бағдарламаларын жүзеге асыруда, аймақтағы тіл, әдебиет пен мәдениетті зерттеу мен дамыту мәселелерін көтеретін, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда аймақтағы тіл, әдебиет пен мәдениетті зерттеу мен дамыту мәселелерін көтеретін конференциялардың бірден-бір ұйымдастырушысы болып келеді. Атап айтқанда, «Ұлттық құндылықтардың тілдік әдеби аспектілері рухани-жаңғыру контексінде», «Серікбол Қондыбай зерттеулері: жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар контексінде», «Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның өмір жолы және ұлт тарихындағы орны», «Түркі халықтарының рухани құндылықтары және Маңғыстау жыраулық дәстүрі» атты халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми конференцияларда А.Н. Отарова модератор болып, пленарлық мәжілістерінде баяндамалар оқыды.
Ақмарал Нұрғожақызының 6В02303-Филология, өңірлік сұранысқа ие 6В02303-Дәстүрлі музыка өнері сияқты жаңа білім беру бағдарламаларының ашылуындағы, университет имиджін қалыптастыру мақсатындағы Ә.Кекілбаев, Ғ.Айдаров, Ф.Оңғарсынова, О.Тұрмағанбетұлы атындағы атаулы аудиториялардың жасақталуында атқарған еңбегін айрықша атап кету керек. Бұлардың әрқайсысы бір-бір мақалаға тақырып болары анық.
Қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты жоғары оқу орындары арасындағы өткізілген түрлі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне, көптеген ғылыми-теориялық конференциялардың ұйымдастырылуына үнемі басшылық жасап, студенттер мен магистранттардың ғылыми-ізденіс жұмыстарына жетекшілік етіп келеді. Мамандықтың студенттері республикалық олипиада жүлдегерлері де болып, мерейді асырды.
А.Н.Отарова – отандық және шетелдік ғылыми басылымдар мен конференциялар материалдары жинақтарында жарияланған 80-нің үстінде ғылыми мақаланың, 2 монографияның, Халықаралық Scopus, WoS басылымдарда жарияланған 3 мақала (Хирша – 1), бірнеше оқу және оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның «Практикалық қазақ тілі пәнінен экономика мамандығының жалғастырушы топтарына арналған жаттығулар жинағы», «Маршал Әбдіхалықов шығармаларын арнайы курста оқыту», «Маршал Әбдіхалықовтың әдеби әлемі», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Әдебиеттанудың өзекті мәселелері», «Өлке әдебиеті» т.б. пәндерден оқу, оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2 жобасы республикалық іс-шаралар реестріне енгізілген.
Ғылыми зерттеулер саласы – жыраулық дәстүр, Маңғыстау ақын-жазушылары шығармаларының поэтикалық мәселесі, Маршал Әбдіхалықов шығармашылығы, қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелері. Ақмарал Нұрғожақызы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Есенов университеті бастауыш ұйымының төрағасы болып қоғамдық қызметті де абыроймен атқарып келеді. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Тілдерді дамыту» басқармасының ұйымдастыруымен студенттер мен мектеп оқушылары арасында өткізілетін шығармашылық сайыстар бойынша әділқазылар алқасының тұрақты мүшесі, ғылыми жобалар жетекшісі.
Осы жылдар арасында Ақмарал апай Қазақстанның түкпір-түкпірінде беделді де белді оқытушылық қызметтерді атқарып келе жатқан мыңдаған шәкірт тәрбиелеуге үлес қосып келе жатыр. Қазіргі таңда кафедраның мамандықтары бойынша білім алған көптеген түлектер мемлекеттік қызметте, ғылым, білім беру, журналистика мен мәдениеттің түрлі салаларында жемісті еңбек етуде. Айталық, Алмас Алтай, Бақтыбай Жайлау, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Сандуғаш Тавунова, Майра Қаражанова, Айгүл Талысова, Индира Сәтенбаева, Жазира Жүсіпова, Әсия Жүсіпова секілді шәкірттерін ерекше атауға болады. Еңбек жолында қандай қызметті сеніп тапсырса да абыроймен атқара жүріп, қазірде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Университеттің білім мен мәдениет саласында әсіресе тіл жанашыры ретінде өтетін барлық іс-шараның басы-қасында болып келеді.
Оқу-тәрбие саласындағы нақты нәтижелері үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Есенов төсбелгісімен, А.Байтұрсынов медалімен, Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Есенов университеті ректорының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ақмаралдың әрбір сабағы сапасымен, теориялық тереңдігімен, әдістемелік ізденісімен ерекшеленіп тұрады. Жаңа материалды түсіндіру барысында білім алушылар сабақты жетік меңгеруі үшін тың әдістерді тиімді пайдаланады. Ең алдымен «сабаққа кешікпеу керек, сондай-ақ ұстаздың киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, шаш үлгісі, жалпы болмысы ұстазға сай болу керек!» деген ұстанымды мықты ұстанған Ақмарал әлі күнге жұмысқа жарты сағат ерте келеді.
Теориялық білімі терең, әдістемелік ізденістері мен кәсіби шеберлігін мектептен ұштап келген, тынымсыз ізденімпаз, үлгі-өнегесі ерекше, мұғалім мәдениеті мен педагогикалық әдепті қатаң сақтаған Ақмаралдың университетке келуі құбылыс болды.
Ақмарал Нұрғожақызы мұғалімнің келбеті сыртқы мәдениеті, қарым-қатынасы, өзін-өзі басқаруы, бақылауы, сөйлеу мәдениеті, үздіксіз жаңарып, өзгеріп, үнемі жаңа сипатқа ие болып отыруы мұғалімдік мамандықтың ең басты этикалық сапалық белгісі екендігін болашақ ұстаздарға айтудан жалықпайды.
Өз ісінің шебері Ақмарал Нұрғожақызы ұжым мүшелері мен білім алушылар арасында зор беделге ие. Ол кәсіби мамандығына құштар, оны жан-тәнімен сүйеді, саналы ғұмырын ұстаздыққа, жастарды тәрбиелеуге арнап келеді. Оның қазақ филологиясы кафедрасын басқарудағы тәжірибесі – көпке үлгі. Ақмарал Нұрқожақызын әріптестері де, шәкірттері де мақтан тұтады.
Нағбду ҚАМАРОВА,
Yessenov University профессоры,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.