Ақтауда «Маңғыстау» газетінің алғашқы саны шыққанына 50 жыл толды, сондай-ақ «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-нің 10 жылдығы аталып өтті. Мерейтойға редакция ұжымы, оқырмандар, журналистика саласының майталмандары мен республиканың өзге өңірлерінен келген қонақтар жиналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстағы тұңғыш қазақтілді «Маңғыстау» қоғамдық-саяси газеті 50 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.
Газет тұңғыш рет 1973 жылы шығарылып, сол уақыттан бері ойлы оқырманға үздіксіз таратылып келеді. Маңғыстау медиа холдингі екі облыстық, бір қалалық және бес аудандық газетті біріктірген. Сонымен қатар «Маңғыстау медиа» сайтында журналистердің материалдары мен ақпараттары шығады.
Салтанатты шараға ұжымды 50 жылдық мерейтойымен құттықтауға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қарымды қаламгер, журналист Жанарбек Әшімжан, ҚР Мемлекеттік кеңесшісінің хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ержан Байтілес келді. Сонымен қатар республикалық БАҚ-ның директорлары, медиахолдинг басшылары, өңірдің ардагер журналистері қатысты.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Маңғыстау» газеті аймақтың жарты ғасырлық тарихын талмай парақтап келе жатқанын атап өтіп, газеттің ардагерлері мен оқырманын, бүгінгі ұжымын құттықтады.
«Осы жылдар бойы «Маңғыстау» газеті өзінің қызықты стилімен, жарқын жобаларымен оқырманға дұрыс бағыт-бағдар беріп, еліміздің жас ұрпағына бай дүниетанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қарқынды ақпарат ағыны дәуірінде дәстүрлі баспасөз маңызды рөл атқарады. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті», - деген екен. Осы орайда газеттердің ықпалын арттыру, журналистердің мәртебесін көтеру мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Маңғыстаудың баспасөз-ақпаратының қуаты артып, медиа орталықтарыңыз өркендей берсін! Қалам ұстаған қауымға шығармашылық шабыт, баршаңызға толағай табыс тілеймін!», – деді Нұрлан Ноғаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Маңғыстау» газетінің 50 жылдығымен құттықтады.
«Маңғыстау газетінің ұжымы – жұртшылықтың айнасы ғана емес, БАҚ-та білікті журналистерді тәрбиелеп шығаратын нағыз кадр ұстаханасына айналды. Басылымның аудиториясын кеңейтіп, азаматтардың жалпы қоғамдық, саяси мәселелермен танысуына ықпал етуді тілеймін. Биік белестерді бағындыра беріңіздер!» – деді Дархан Қыдырәлі.
Шара соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі мен облыс әкімі журналистерді және БАҚ қызметкерлерін еліміздің дамуына қосқан үлесі мен кәсіби еңбегі үшін марапаттады.