Қойнауы қара алтынға бай қазыналы түбек, мұнайшылардың ырыс-несібесіне баланған шырайлы мекен, туған қаламыздың қазығы қағылғанына 50 жыл толып отыр. Қазақстан мұнай тарихында аты алтын әріппен жазылған, даңқты мұнайшы, Өзен кен орнын тұңғыш ашушы, бұрғылау шебері, Қазақстан Мұнай Өнеркәсібінің Үздігі, Жоғарғы мемлекеттік марапаттардың иегері Ғазиз Әбдіразақов туралы «Алтын қолды адам» атты деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, қала әкімі Әділбек Дауылбаев, мемлекеттік мекеме басшылары, сала ардагерлері мен облыстан келген қонақтар, сонымен бірге, деректі фильм жүргізушісі Бақытжан Әлпейісов қатысты.
Фильм жөнінде Бақытжан Әлпейісов: «Осы уақытқа дейін әр түрлі, бірнеше деректі фильмдерде қатысқаным бар еді. Бірақ бірінші рет, жол түсіп, Жаңаөзен қаласының іргетасын қаласқан ақсақалдардың бірі, алғашқы мұнайшылардың бірі Ғазиз ағамыз жайында кино түсіреміз дегенде өз басым қатты қуандым. Осы жобаға іліккеніме,осы жобаға келіп, Ғазиз ағамыз сияқты мұнайшылармен, аға буын ақсақалдармен, еңбек ардагерлерімен танысуға тағы да мүмкіндігім бар екеніне қуандым. Сондықтан, осы қатарда отырған Ғазиз аға, сіз бастаған алғашқы еңбек ардагерлеріне, сіздің замандастарыңызға кейінгі ұрпақ, біздер, бізден кейінгі ұрпақтар болып адал еңбектеріңіз бен елімізге қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін алдарыңызда басымызды иеміз. Киноның да, деректі фильм, киногерлердің міндеті де сол емес пе?! Алдыңғы буын ағаларды кейінгі ұрпаққа таныстыру. Шын ықыласпен, шын жүрекпен жасалған дүниенің сіздердің жүректеріңізге қаншалықты жол табатынын қазір тамашалайтын боламыз» - деп, көптен күткен деректі фильмді көпшілік назарына ұсынды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзенде 300-дей бизнес өкілі салық амнистиясын қолдануы мүмкін«Алтын қолды адам» деректі фильмі Ғазиз ағамыздың тарихқа толы өмірін бастан аяқ баяндап, жүріп өткен сара жолдарын ерекше ықыласпен көрерменге жеткізе білді. Сонау бала Ғазизден бастап, қиыны мен қызығы мол қызмет жолына келген кезі әдемі сюжеттермен толық баяндалған.
Ғазиз Әбдіразақов 1932 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Жылыой ауданында дүниеге келген. Әкесі, Әбдіразақ Төлендиев - 1903 жылы туған, Гурьев облысы, Жылыой ауданы, Чапаев ұжымшарында қойшы болды. Анасы Нәбира Ұлқанқызы - 1910 жылы туған, 2000 жылы дүниеден өтті. Ғазиз әкесінің қасында 1943-1947 жылдары көмекші ретінде бес жылдай қой бағып, еңбек еткен. 1948 жылы Батыс Қазақстан бұрғылау басқармасына бұрғышының көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Сол мекемеде жүріп Ұшқан, Биікжал, Қаратон кенорындарын бұрғылауға қатысқан. 1951 жылы бұрғышы болып ауысып, Маңғыстаудағы Түбіжік кенорнын бұрғылау жұмысын атқарады. Сондай-ақ, 1957 жылы Ақшымырау елді мекеніндегі Қызан кенорнын бұрғылауға қатысады. Еңбек тәжірибесін жинақтаған оған 1959 жылы бұрғылау шебері дәрежесі беріледі. Сөйтіп, өзінің бригадасымен Өзен кенорнында еңбек етеді. Ол 1961 жылы бригадасымен Өзен кенорнындағы К-18 алаңында алғашқы мұнай-газ фонтанын ашқан. 1968 жылы бригадасымен Асар кенорнындағы жаңа алаңдағы 2 ұңғымада, 1973 жылы Бұрмашы кенорнындағы 3 ұңғымада мұнай көзін ашқан. 1977 жылға дейін бұрғылау шебері, 1977-1987 жылдары Өзен бұрғылау басқармасында инженердиспетчер болып еңбек еткен. Сол мекемеден 1987 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.
Ғазиз Әбдіразақов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КСРО-ның Ең жоғарғы "Ленин" орденімен, КСРОның "Қазан төңкерісі" Орденімен, Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденімен, Қазақ КСР-нің Құрмент грамоталарымен, "Маңғыстау облысына 40 жыл медалімен, «ҚазЭнерго» медалімен марапатталып, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ардагер атағын, Жаңаөзен қаласының құрметті азматы атағын алған.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63976,63975,63972,63973,63977,63978,63971,63979,63974"]