«Мұнайшы» мәдениет сарайында болған аталмыш ақындар айтысы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес, Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы аясында өтті. Мұны қалалық әлде облыстық емес, тіпті аймақтық деңгейден де жоғары республикалық ақындар айтысы деп бағалауға да болады. Себебі, шағын болса да аталмыш аламан айтысқа сонау Астанадан бастап Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстары және Ақтау мен Жаңаөзен қалалары, сондай-ақ Бейнеу ауданынан ақындар қатысты. Жалпы 10 ақын сахна төрінде 5 жұп болып, сөз қағыстырып, 3 сағат бойы көрермендердің көкейіндегісін дөп басып, көңілдерін көтеріп, қуанышқа кенелтті. Әрине, залда ине шаншар орын болмады деп әсірелесек әбестік болар еді. Әйтсе де, жұмыс күнінің аяғында болған аламан айтысқа адамдар аз келмеді.
Жалпы ақын – құдайдың сүйген құлы. Халық пен биліктің арасындағы – дәнекерлеуші. Өйткені, ел арасындағы жетістіктер мен кемшіліктерді, кездесіп жататын келеңсіз жағдайлар мен халықтың тұрмыстық ахуалын, әлеуметтің әлеуеті мен әділетсіздіктерді жоғарыға жалтақсыз жеткізіп отыратын жан. Бірақ саясат деген сайқалдың теріскейден соғатын салқын самалы ахуалды ашық айтуға мүмкіндік бермейтіні бесенеден белгілі. Өйткені, патшаның бәрі – Абылай емес, ақынның бірі – Бұхар емес. Қазақта Бұхардан басқа да шырылдаған шындықты шыжғырып бетке айтатын, «Бас кессе де, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымдағы от тілді, орақ ауызды ақындар аз болмаған. Қазір де бар. Бірақ олардың қолдары құрсаулы, ауыздары скотчтаулы. Себебі, заманның ағымы, саясаттың самалы солай. Әйтпесе, сол ертедегі Бұхар жырау, Қатаған, Сүйінбай, Жамбылдарды дүниеге әкелген қазақ әйелдерінің жатырын ешкім жұлып тастаған жоқ. Болмаса осынау өр өлкенің өр тұлғалы өрендері Абыл, Ақтан, Нұрым, Мұрын, Қалнияз, Қашаған сияқты ұлдарын сыйлаған Жаратқан жазуынан жаңылмаған шығар. Бұлар ақиқатты ақтарыла айтып, елдің рухын көтеріп, жігерін жанып, намысын қорғап, туған жер мен өскен елді қасық қаны қалғанша қорғауға жұртты жұмылдырып отырған. Мысалы,
«Хан емессің қасқырсың, Қас албасты басқырсың. Дұшпаның келіп табалап, Достарың сені басқа ұрсын!» - деп ханға қарсы жалтақсыз сөйлейтін Махамбеттердің тұқымы құрып қалып па? Осындай атышулы ақын да, батыр ата-бабалардың бүгінгі ізбасар ұрпақтарының жігерлі өлең айтатындай жағдайы жоқ па? Осы тұрғыдан қарағанда додаға қатысқан кейбір ақындардың Маңғыстаудың байлығы мен мұнайшының айлығынан шиырлап, тар шеңберден шыға алмағанына өкіндік. Түптеп келгенде ол қызғаныштың белгісіндей болып көрінеді. Бұл, бір.
Екіншіден, қазір сананы тұрмыс билеген, тұрмысты ақша билеген заман болды. Сол үшін бұл да ақындардың еркін көсілуіне айтарлықтай кедергі келтіретіні күмәнсіз. Олай дейтін себебіміз, күнкөрісін осыдан айрып отырған ақындар, өзінің қалтасын қампайтқалы тұрған жандарды қалай сынайды? Әйтпесе, 5 жұп болып, додаға түскен 10 ақынның ақиқаттың бетін айқара ашып, шындықтың түндігін түре алмайтыны жоқ секілді.
Үшіншіден, айтыстың негізгі басты тақырыбы «Береке басы – бірлікте». Сол үшін ақындардың көпшілігі Адайдың ақтаңгерлері мен ердің жасы елуге шыққан Жаңаөзен қаласын дәріптегенде осы тақырып аясынан ауытқымауға тырысқан сияқты. Сонда да кейбір бірен-саран, ұсақ-түйек кемшіліктерді қамырдан қыл суырғандай етіп сыпайы әрі әдемілеп жеткізген ақындар болмай қалмады.
Төртіншіден, қазақта «Сырт көз – сыншы» деген орынды сөз бар. Сол айтылғандай айтыскер ақындардың көпшілігі киелі мекен Маңғыстауға іргелес қонған аймақтардың тумалары. Олар қайткенде де «Сырт көзге» жататын жандар. Арғы аталары мен батыр бабаларының ерлік істері мен қазіргі азаматтардың батыл қадамдар мен асыл армандарды, игі істер мен биік мақсаттарды орындау жолындағы қажырлы еңбектерін сол «Сырт көз» атанған өзгелердің аузынан, ықылас, пейіл, лебіздерінен есту қандай ғанибет десеңізші. Сол үшін жаңаөзендік көрермендер ауыздарынан шоқ үрлеп, от ескен, көмейлеріне әзіл ұялаған ақындарға сүйсіне қол соғып, делебелері қозып отырды.
Қазақ «Алғашқы түйенің жүгі ауыр» дейді. Өйткені, көш бастау оңай емес. Сонда да сахнаға бірінші болып шыққан жаңаөзендік Абай Жолмағанбетов пен астаналық Рауан Қайдаровтың алғашқы жұбы әп дегеннен шаппа-шап бастаған айтысы көрермендерді бірден еліктіріп әкетті.
«Алла деп сөз бастасам жөндерсіңдер, Себебі, тура жолға ергенсіңдер. Шалдардан қалған сөзді дәлел қылсам, Қызырдың кіндігінен өргенсіңдер. Осында он үш ғасыр Исалармен, Бір көште келе жатқан керуенсіңдер. Үш жүз алпыс әулиесі дін таратқан, Киелі Маңғыстаудай елденсіңдер. Осы елдің намысы үшін топқа түссем, Қол жайып батихаңды бергенсіңдер. Бүгін мені шапалақ соғып, қолдап, Шабытымның кемесін терберсіңдер! Барлықтарың қарасам Ер Қармыс пен, Ер Төлеп мекен еткен төрденсіңдер. Абыл, Ақтан, Қашаған, Нұрым менен, Сәттіғұл туып өскен елденсіңдер. Берісі Ұзақбайды ұзақ тыңдап, Сүгірді де көзбенен көргенсіңдер. Осындай дарындарды бере салған, Құдайдың көзі түскен жерденсіңдер. Барлықтарың күн-түні мұнай қазып, Ел үшін қиындыққа көнгенсіңдер. Қу құлқынның қамы емес бір өлсе тек, Алаштың намысы үшін өлгенсіңдер. «Қара алтынды» қазаққа беріп жатқан, «Сары алтынның» сынығы сендерсіңдер» - деп шумақ-шумақ жырларды төкпелеумен бастаған Абай жергілікті елді, жерді, тарихты жақсы білгендіктен бе, әлде болмысы мықты ма, әйтеуір қарсыласынан басымдығы айқын аңғарылып тұрды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Елімізге ақпараттық қауіпсіздік саласында 32 мың маман керекЕкінші болып сахна төріне көтерілген Атыраудан келген Шалқарбай Ізбасаров пен ақтаулық Райымбек Үсеновтің де айтысын жұртшылық жақсы қабылдады. Ал Ақтөбеден келген Марат Ахметов пен оралдық Жансая Мусинаның айтысы нағыз қыз бен жігіт айтысының нақты көрінісі болды. Екеуінің жарасымды әзіл-қалжыңдары көрермендерді қырғын күлкіге қарық қылды.
«...Қазақша киініп жүреді келіндерің, Жасанып бес батпанды боянбаған. Басқадан намысымен биік тұрад, Жас балаң таудан таяқ таянбаған. Насыбай сатпаса екен болашақта, Атақты «Қоңыр» дейтін аялдамаң. Жасай бер жаңаөзендік бауырларым, Ешқашан ештеңеден аянбаған. Жарқырап жылдан-жылға жасай берсін, Жаңаөзен – алтын бесік, аяулы анам!...» - деп көзбен көргендерін сахна ортасында тыс қалдырмаған Жансаяның әзілдері нысанаға дөп тиіп жатты.
Шара соңында қала әкімі Әділбек Дауылбаев сахнаға көтеріліп айтысқа қатысқан ақындардың баршасына алғыс айтты. Сосын «Орамал тон болмайды – жол болады» дегендей сый-сияпаттарын тарту етті. Нәтижеде қазылар алқасының шешімімен үшінші орын алған астаналық Рауан Қайдаров Өмірзақ Қалбаев атындағы жүлдеге ие болды. Сондай-ақ үшінші орын иелеген жаңаөзендік Арғынбек Қалбаев Сүгір Бегендікұлы атындағы жүлдені иеленді. Осындай үшінші орынға ие болған ақтөбелік Марат Ахметов Ұзақбай жырау атындағы сыйлықты алды. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров екінші орынға тігілген 300 мың теңге сыйақысымен, Оралдан келген Жансая Мусина бірінші орынға ие болып, 400 мың теңге сыйақымен сыйлықтанды. Аламан айтыстың бас жүлдесі 500 мың теңге ақшасымен жаңаөзендік Абай Жолмағанбетовтің қанжығасына байланды. Қалған Ақтау қаласынан келген Райымбек Дүзенов, Атыраудан келген Өнербек Дәурекенов, Ақтөбеден келген Жәнібек Бейінов және оралдық Мұрадым Мейірмановтарға 150 мың теңгеден сыйақы беріліп, қанжығалары құр қайтпады.
Айтыстың басында және арасында жаңаөзендік әнші термешілер Дәмегүл Ізбасарова, Жанар Нұрмұханова, Амандық Тәжбенов, тіпті жүргізуші болып отырған Арғын Бисенов тағы басқалар өз өнерлерін көрсетіп, айтыскерлерге де, көрермендерге де дем беріп отырды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН