Маңғыстау облысының орталығындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Ақтау қаласының 55 жылдығы аясында «Танцевальный рай» би сайысы өтті. Өңіріміздің би мамандарының, талантты жастар мен би топтарының басын бір арнада тоғыстыратын аталмыш мейрамды қатысушылар жыл бойы күткен болатын. Өйткені осынау би додасында олар өзара тәжірибе алмасып, бар өнерін көрсетіп, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады.
Байқаудың алғашқы күні «Заманауи би» мен «Эстрадалық-сахналық би» жанрына арналды. Ал екінші күні өнерпаздар «Халық биі», «Үздік биші» «Тақырыптық би қойылымы» аталымдары бойынша бақ сынады. Би сайысының соңғы күні «Танцевальный рай» байқауының негізін салушы, сценарист, көптеген шоу-бағдарламалардың авторы Жанетта Вигоскаяны еске алуға арналды. Сондай-ақ сол күні байқаудың жеңімпаздары марапатталып, гала-концерт ұйымдастырылды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмытылмақ емесМаңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина осы күнмен тұспа-тұс келген Халықаралық би мерекесімен барлық би өнері мамандарын құттықтап, облыстағы ең тәжірибелі, 54 жылдық тарихы бар «Альтаир» би ансамблінің жетекшісі Тамара Думановская арнайы естелік сыйлығымен марапаттады.
Үш күнге созылған қаламыздағы ең ірі би байқауына барлығы 1200 биші қатысты. Олардың өнерін елімізге танымал хореографтар әділ бағалады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА