2007 жылы Құрық ауылында балалар өнер мектебі ашылып, 2008 жылы балғын «Балауса» бой көтергенін білеміз. Ол кезде осы топтың ашылуына Фарида Бектемірқызы мұрындық болған еді. Аз ғана уақыт аралығында биік белестерді бағындырған «Балауса» бишілер ан самблі ауданнан бастап облыс, республика жұртшылығына танылып үлгерді. 2013 жылы республикалық «Ақ көгершін» байқауында жүлдегер атанып, Германияның Берлин қаласында өткен халықаралық «Джеф» байқауына жолдама алды. Қазақтың би өнерін, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жарқырата көрсеткен ансамбль, Еуропа көрерменін қазақтың этномәдениетімен таң қалдырып, бас жүлдеге ие болды. Қазақ атын шығарып, ұлттық өнерді қастерлеп, дәріптеп жүрген «Балауса» ансамблінің тынымсыз еңбектерін қалай мақтасақ та жарасады.
Жақында Қарақия Мәдениет үйінің жанынан құрылған, «Балауса» бишілер ансамблінің құрылғанына 10 жыл толуына арналған «Жан сезімін сөйлетер би-құдірет, биіміз сізге арналды, ұғар жүрек» атты шығармашылық концерт өтті. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шара шымылдығы «Той бастар» биімен ашылды. Ең алдымен 10 жылдық тарихынан сыр шертетін сәттер бейнетаспа арқылы тамашаланды. Залда ине шаншыр жер жоқ, келуші көрермен көп болды.
Үлгілі «Балауса» бишілер ансамбілінің өнер әлеміндегі 10 жылдық шығармашылық кешінде аудан әкімінің орынбасары Е. Күмісқалиев:
«Өнер жолындағы «Балауса» би тобы талапты жастар, олар өз Отанының патриоттары. Олай дейтінім, ансамбль мүшелері тек концерттерге қатысумен шектелмей республика, облыс, қала берді аудан көлемінде өткізілетін түрлі мәдени шараларға араласып, өз үлестерін қосуда», деп жастарға шығармашылық табыс тілеп, аудан әкімінің міндетін атқарушы Қ. Бековтың атынан ансамблдің жанашыр жетекшісі Ә.Жұмағазиеваға диплом мен ықылас гүлдерін табыстады. Ансамбль ұлттық қазақ билері, орыс, индия, өзбек тағы да басқа ұлт билерін кәсіби деңгейде орындады. Сондайақ концертте жаңа билердің де тұсауы кесілді. Ансамбльдің ауданымызға танымал өнер жастары І.Жолдасова, С.Қосай, Г.Ермаханова, Д.М.Наурызғалиевтер мен А.Сағындық, Д.Оспанов, С.Исақызы, М.Байденов, М.Ғ.Күзенбаевтар, Қ.Ермаханов сынды әншілер легі әуезді әндермен әсем кешті әспеттеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзендегі 5548 әскери бөлімде Отан қорғаушылар күні аталып өттіЕкі-үш сағат ішінде сұлулық пен шеберлік қатар үйлескен тартымды кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл әрине, талай жылғы төккен тер, жасаған еңбектің жемісі.
Арнайы шақыртылған кеш қонақтары, балғын «Балаусаның» үлгілі «Балаусаға» дейін жеткен өнер жолын ашып, тұсауын кескен, алғашқы ұстазы А.Джулбаева, «Спони» би ұжымының хореографы Құрық балалар өнер мектебінің ұстазы Ә.Шарипова, «Еркетай» би ұжымының хореографы Ә.Амировалар сахна төріне көтеріліп, аудандық мәдениет үйінің басшысы Ф.Бектемірқызына дипломдар мен гүл шоқтарын табыстады. Мың бұралған әсем би, әуезді әнмен әспеттелген керемет кешке көрермен ризашылықтарын ду қол соғумен білдірді. «Балауса» би ұжымының осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері көп-ақ. Ізденіске толы 10 жыл ішінде «Балауса» бишілерінің 5 ұрпағы ауысып, дүниеге келген алтыншы ұрпағы бүгінде атақ-даңққа, мақтау-марапатқа, ықылас-ілтипатқа бөленіп келеді. 2017 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің № 303 бұйрығымен өнерпаздарға ең жоғары атақ берілген болатын. Жұлдызы жанған «Балаусаның» өнер бәсекесіндегі жетістіктері осымен шектелген жоқ. Қарақия аудан әкімдігінің, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Алтын дән» бірінші республикалық балалар шығармашылығы фестивалінде бірінші орын иеленсе, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Отан-Ұраным, Жеңіс жыр-әнім» атты фестивалде жүлдегер атанды, аудандық фестивальде көрсеткен өнері үшін облыстық мәдениет басқармасының мақтау қағазын алды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Құрманың сүйегін лақтырма!2017 жылы «Қазақстан-жалғыз ұлы қазақтың» атты 10 аудандық «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестиваліне қатысып, аудан әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды. Бүкіл әлем қазақ еліне көз тіккен шақта, «Қарт Каспийден сәлем ал, Ерке Есіл» деген тақырыпта Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» көмесінде өнер көрсеткен «Балауса» бишілер ансамблінің жетекшісі Ә.Жұмағазиева Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М.Сқақовтың алғысына ие болды.
Ойы-еркін, арманы-ұшқыр «Балауса» ансамбілінің мүмкіндігін ұлттық бимен шектеп қана қоймай, қоғам мен заман талабына сай түрлі ізденістерге жетелеген би жетекшісі Ә.Нұрқазымқызына алдағы өнер жолында шығармашылық табыс тілейміз.
Атыңа-затың сай болып, білікті бишілерді тәрбиелеп, алға қадам баса бер, «Балауса».Ф.ХАЙДАРОВА