Тіл - ұлттың ұлы қазынасы. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, сауаттылығы тіл мәдениетімен, тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңеюде. Тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі тіл сол мемлекет халқының мүддесін қорғап , барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт екені айқын. Яғни әдебиет, мәдениет, баспасөз, өнер, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар секілді салаларда қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.
Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бет-бейнесі. Түптеп келгенде, сол елдің ұлттық қауіпсіздігінде, әлеуметтік тұрақтылығында , интеллектуалды даму мәселесінде ұлттық тіл маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының жетінші бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Сондай-ақ, аталған бапта «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» делінген. Ата Заңның жетінші бабы еліміздегі мемлекеттік тілдің, орыс тілінің, сонымен қатар басқа да тілдердің мәртебесін белгілейді.
Б. Байгожаев,
Ақтау қаласының №2 сотының судьясы