Елбасымыз өзінің жылдағы жолдауында мәдениет саласының дамуын ерекше атап өтеді. «Мәдениет - ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым. Себебі, әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар, мәдениет-адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі-өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер-қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды», - деген болатын Елбасы.
21-мамыр Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің төл мерекесі күні. Мерекені Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкерлері 2013 жылдан бері атап өтуде. Осы күні мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне жылы лебіздер мен алғыстар айтылады, өйткені рухани байлықты дамытуда және мәдени дәстүрлердің дамуы мен сақталуы ісіне қосқан мәдениет саласы қызметкерлерінің үлесі орасан зор. Бүгінде өнеріміздің көкжиегін кеңейтіп жүргендер саны өте көп.
Маңғыстау облысында 2 мыңға жуық өнер, мәдениет қызметкерлері бар. Олар театр сахнасында, тарихи-мәдени ескерткіштерде, кітапханамен музейде тер төгіп, еңбек етіп келеді. Сахна сыртындағы сценарист, сахна қызметкерлерінің еңбегін атап кетпеске болмас. Сала қызметкерлері өңіріміздің өнерін республикалық, халықаралық деңгейде паш етіп, түрлі байқауларда аймақтың беделін асқақтатып, алдыңғы қатардан көрініп жүргендеріне куә болып келеміз.
- Биыл Қазақстан Респбликасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен - 4, министрліктің «Құрмет» грамотасымен - 1, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың алғыс хатымен-10 қызметкер марапатталды. Сонымен қатар, 10 қызметкер «Саланың үздігі» және 300мың теңге сертификатқа ие болды. 10 өнер ардагерлеріне қаржылай сыйлықтар тарту етілді, - деді Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина.
Биылғы өнер және мәдениет қызметкерлерінің мерекесі тойлану ерекшелігі 60-70 жылдардағы ретро стильде ұйымдастырылған. Мерейлі күні өнердің туын биік ұстап, тұғырынан таймаған ардагерлер төрден орын алды.
Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов айтулы күні сала мамандарын «Хан-Шахар» салтанатты сарайында құттықтады. Облыс әкімі өнер майталмандарын төл мерекелерімен құттықтап, бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады. Кеште өнер иелері би билеп, әннен шашу шашты.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ