АИТВ-ның алдын алуға болады
[ 2019 ] 14 желтоқсан, 06:25 | Жаңалықтар
Қараша айында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай басталған акция мәресіне жетті. Әр жылы әр түрлі тақырыпта ұйымдастырылатын осынау маңызды шараның мақсаты — халықты қауіпті аурудан сақтандырып, оның алдын алу. Таяуда ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық директорының ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемиологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақнұр Ханайқызы ТАСБОЛАТОВАМЕН сұхбаттас болғанымызда әңгіме аталмыш науқанның нәтижесі туралы өрбіді.
- Ақнұр Ханайқызы, біздің білуімізше, АИТВ-мен тіркелетіндер жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай келе жатыр. Дегенмен, статистикаға көз жүгіртіп, өңіріміздегі жағдайға тоқталсаңыз.
- Маңғыстау облысында ең бірінші жағдай тіркелгеннен бері, яғни 1994 жылдан бастап күні бүгінге дейін АИТВ жұқпасымен 362 адам тіркеліп отыр. Ал осы жылғы 11 айда АИТВ инфекциясымен 43 адам тіркелді. Олардың алтауы шет елдер азаматтары. Сонда 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 5,5 болып тұр.
Өткен жылғы осы мерзімде 46 адам тіркеліп, олардың арасында шет елдер азаматтарының саны 7 болатын. Биыл тіркелгендерді аумақтарға бөліп қарасақ, 24 жағдай немесе 55,8% Ақтау қаласына тиесілі. Ал Жаңаөзен қаласында 1 (2,3%), Мұнайлы ауданында 6 (14%), Түпқараған ауданында 2 (4,7%), Қарақия ауданында 2 адам (4,7%) тіркелсе, 2 адам (4,7%) басқа облыстардың тұрғындары, ал 6 адам (14%) шет елдер азаматтары арасынан тіркелген. Сондай-ақ тіркелгендердің жас шамасына назар аударсақ, бұлардың арасында 14 жасқа дейінгі бала біреу (2,3%), 15-19 жас арасындағы бала да біреу (2,3%), ал 20-29 жас арасындағы жастар 15 жағдай (34,9%), 30-39 жастағылар да 15 (34,9%), 40-49 жастағы азаматтар 6 (14%), 50-59 жас арасындағылар 3 (7,0%), 60 жастан жоғары адамдар саны 2 (4,7%) болып отыр.
- Тіркелгендердің үлес салмағы тепсе, темір үзетін жастағы азаматтарға түсіп тұр екен. Мұның себебі неде?
- Жап-жас жігіттеріміз бен қыздарымыздың вирус жұқтырып жатқаны өкінішті, әрине.
АИТВ жұқпасы бүніде жастар арасында кең таралып кетті. Мұның себебі — мынау деп, дөп басып айту да қиын. Дегенмен, жұптық өмірге адалдық–АИТВ инфекциясынан қорғанудың тамаша нұсқасы және кездейсоқ жыныстық қатынастан бас тарту — оның алдын алудың тиімді шарасы болып табылары анық. Ең дұрысы — алдын алу.
- Бұл инфекцияның алдын алуға бола ма?
- Кез-келген жұқпалы аурудың алдын алудың ең тиімді жолы — вакцина егу. Алай да вакцина дайындау бағытында тыңғылықты зерттеулер жүргізіліп жатқанымен, ондай профилактикалық препарат алуға әзірше қол жете қойған жоқ. Әйтсе де, АИТВ жұқпасынан сақтанудың әлеуметтік, халықаралық, мемлекеттік шаралар және жеке басты қорғауға бағытталған шаралар бар. Профилактиканың басты міндеті АИТВ жұқпасын тасымалдаушыларды анықтап, жұғу арнасын сенімді түрде жауып тастау. Қазір АИТВ жұқпасы вирусының жұғу жолдарының үш түрі белгілі. Мұның біріншісі қорғансыз жыныстық қарым-қатынастан болатыны баршаға белгілі. Екіншіден, АИТВ жұқпасының вирусын жұқтырған адамның қаны және сол қаннан жасалған препараттар арқылы (қан және қан препараттарын құю кезінде, қан жұққан шприц пен инені дұрыс тазаламай қайта пайдаланған кезде және басқа залалсыздандырылмаған дәрігерлік құрал-саймандарды қолданған кезде) жұғады. Сондай-ақ АИТВ жұқпасын жұқтырған анадан бойдағы балаға жүктілік кезінде, босанар кезде немесе дүниеге келген нәрестеге емшек сүтімен жұғады.
Ең дұрысы, әр адам өз денсаулығына мұқият қарағаны. Бұл қауіпті инфекцияның жұғу жолдарын жақсы біліп, жаман әдеттерден тиылып, әдепсіз нәрселермен айналыспай, бейбастақ қарым-қатынастардан аулақ болған жан, әрине, өзіне және айналасындағы адамдарға да ауру жұғу қауіпін азайтар еді. Ауру жұқтырудың ең өкініштісі—оны сәбилердің жұқтыру. Үшінші жұқтыру жолы анадан балаға жұғу жолы болғандықтан жүкті әйел уақытында біздің орталыққа келіп, диспнсерлік есепке тұратын болса, дәрігердің қарамағында болып 14 аптадан бастап ем алатын болса, өмірге дені сау сәби әкелуіне мүмкіндік жасалған. Дегенмен, аурудың алдын алудың ең бірінші тәсілі — әркімнің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы.
- Ақнұр Ханайқызы, біздің байқауымызша, биылғы айлық науқан да ойдағыдай өткен сияқты. Акцияның көтерген жүгі жеңіл болмаса керек.
- Биылғы акция «Қоғамдастықтың шешуші рөлі» ұранымен өтті. Үкіметтік емес ұйымдарды, жастарды, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды ЖИТС орталықтарының жұмысымен таныстыру, мамандарға деген сенім деңгейін арттыру, БАҚ-пен әлеуметтік желілерде кеңінен жария етілген АИТВ инфекциясына қатысты кемсітушілікті тоқтату мақсатын көздеген науқан ойдағыдай болды. Жылдағыдай оқу орындарындағы жастармен кездесулер, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе отырып Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің мекелерінде, пенитенциарлық мекемеде кең ауқымды спорттық іс-шара өткізлді. Жоғары және орта оқу мекемелері, мектептердің жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында науқанға арналған семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, тренингтер мен сахналық қойылым өткізілді. Халық көп жиналатын орындарында, сауда-ойын-сауық орталықтарында, орталық алаңдарда, халыққа қызмет ету орталығында, темір жол вокзалында барлық ниет білдірушілер үшін психо-әлеуметтік кеңес беріліп, АИТВ-ға жедел-тестілеу өткізілді. Тұрғындардың ынталы болуына қарағанда, жұртшылық АИТВ-ға қатысты көп мәселені түсінген сияқты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
2658
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.