Маңғыстау — бойында не ағынды суы, өзені, не тұщы сулы көлі жоқ өңір. Тұщы судың тапшылығынан халықты ауыз сумен қамту мәселесінің түбегейлі шешілмей, өзекті болып келе жатқаны сондықтан. Кеше Премьер-министр Асқар Мамин осы мәселеге алаңдап, шара қолданбаған жағдайда Маңғыстау облысында 2025 жылға қарай су тапшылығы екі есе өсетінін айтты. Оның үстіне әлеуметтік желілерде әрбір екінші маңғыстаулықтың рак ауруына шалдығатыны және бұған басты себепші ауыз су сапасының нашарлығы туралы жан түршігерлік ақпарат та жүр. Көпті ойландырған бұл ақпарат қаншалықты шындық, біз қандай су ішіп отырмыз? Баршамызды толғандыратын осынау сауалдардың жауабын іздеп, «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің Маңғыстау өңірлік инспекциясының басшысы Алмагүл Салихолақызы КЕЛБЕТПЕН жолыққан едік.
- Алмагүл Салихолақызы, ашығын айтыңызшы, ішіп отырған суымыз қайдан келіп жатыр? Өңірімізде су қоры шынымен де жарытусыз ғой.
- Жасыратын ештеңесі жоқ, облыс көлеміндегі жер асты су көздерінің сулары, ішінара болмаса, ауыз су ретінде қолдануға жарай бермейді. Бар судың өзі жетіспейді. Әсіресе, жаз айларында суға деген сұраныс арта түседі. Ақтау қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерді және Құрық кентін ауыз сумен «МАЭК-ҚазАтомПром» ЖШС теңіз суын тұшыту арқылы қамтамасыз етіп отырса, қалған елді мекендер мен аудан орталықтары жерасты су көздерінің суын пайдалануда. Оның өзі терең тазартуды, тұшытуды және зарарсыздандыруды қажет етеді. Олардың қатарына Сауысқан, Түйесу, Көгез, Кетік және тағы басқа да жерасты су көздерін жатқызуға болады. Аталмыш жерасты су кен орындарының су қоры жылдан жылға азайып келеді, ал кейбіреулерінің су деңгейі жыл бойғы жауатын жаңбыр мен қарға тәуелді болғандықтан жаз айларында төмендеп кететіні де рас.
- Суымыз жеткілікті деңгейде зарарсыздандырылып жатыр ма?
- Адам денесінің 80 пайызы судан тұратынын ескерсек, судың, әсіресе, таза судың адам өмірінде алатын орны ерекше. Суды тазартудың адам денсаулығына тікелей байланысты екені өзінен-өзі түсінікті. Заманауи су тұщыту қондырғылары арқылы ауыз су өндірісі бірқатар дамығанмен, сол тұщытылған суды зарарсыздандыру мәселесі елімізде әлі де толығымен шешілген жоқ. Ал көршілес Ресей мемлекетінде бұл мәселе шешілген. Көп жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде мұнда жаңа технологиялар ойлап табылды және сол технологияларды пайдалану арқылы суды зарасыздандыру қондырғылары жасап шығарылды. Бұрын ауызсулар мен тұрмыста қолданылатын сулар сұйық хлор қосу арқылы зарасыздандырылатын. Оның өзінің де айтарлықтай кемшіліктері бар еді. Кейінгі жылдары суды хлорлаудың орнына, натрий гипохлоритін қолдануды жаңа технологияға көшу деп атап жүр. Ғалымдардың айтуынша, натрий гипохлориті дегеніміз — хлорға қарағанда белсенділігі төмен, бірақ сол хлордың өзі. Мысалы, қазір пластикалық құбыр арқылы Форт-Шевченко қаласына және Аташ пен Баутино поселкелеріне беріліп отырған Кетік жерасты су көзінің суының химиялық құрамы оны тұрақты түрде ауыз су ретінде пайдалануға мүмкіндік бермейді. Судың минерализациясы литріне 1,5 грамм болса, оның өзі негізінен хлоридті-сульфатты-хлоридті натрийлі. Ал мұндай суды ұзақ уақыт пайдалану ағзада тұз жиналып, түрлі буын, бүйрек ауруларына апарып соқтырады. Қолданыстағы «Бұлақ» су тұшыту және зарасыздандыру қондырғысында сұйық хлор қолданылады. Оны тасымалдау, қолдану кезінде қауіпсіздік техникасы өте қатаң сақталуы тиіс. Адами фактордан болатын кез келген қателік орны толмас өкінішке әкеліп соқтыруы мүмкін. Ал натрий гипохлориті-хлорлы қышқыл мен натрий гидроксидінің тұзы, оның микробтарды жою қабілеті хлорға қарағанда анағұрлым төмен екендігі тыңғылықты зерттеулер нәтижесінде анықталып отыр. Сондықтан суды натрий гипохлоритімен зарасыздандырушылардың есіне мынаны сала кетуіміз керек: зарасыздандыру кезінде суға натрий гипохлоритімен бірге көп мөлшерде балластық электролиттер — тұздар мен сілтілер де қосылады. Олар су құбырларының таттануын тездетеді және олардың ішкі бетінде, хлорға қарағанда, көп мөлшерде минералдық тұнбалардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Әлбетте, гипохлоритті пайдалану кезінде судың минералдылығының аз мөлшерде болса да жоғарылауы судың адам ағзасына және қоршаған ортаға зиянды әсерін арттыра түседі.
Соңғы жылдары шет елдерде ауызсу мен төгінді сулардың құрамындағы хлораминнің адам ағзасына және қоршаған ортаға зияны жөнінде көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілді. Хлораминнің өте күшті аллерген екендігі туралы көптеген мақалалар да жарияланды. Хлорлы қышқылға қарағанда натрий гипохлоритінің микробқа қарсы қабілеті шамамен 300 рет төмен болса, хлораминнің гипохлоритке қарағандағы тиімділігі сонша есе төмен. Кейбіреулер улы хлордың орнына суды ультракүлгін сәулемен зарарсыздандырудың адам денсаулығына зиянсыз екендігін алға тартады. Дұрыс, егер су ультракүлгін сәулемен әсер еткен бойда қолданылатын болса, бұл пікірмен келісуге болады. Алайда, тазартылған судың биопленка басып кеткен, оның быжынаған микробтарға толы, ұзындығы бірнеше шақырымға созылатын құбырдың ішімен өтетінін ескерсек, бұл пікірдің жаңсақ екеніне көз жеткіземіз. Құбырдың бойындағы микробтарды ешқандай ультракүлгін сәулемен жою мүмкін емес. Озонмен және ультракүлгін сәулемен өңделген судың жарамдылық мерзімі өте аз болғандықтан дамыған елдердің көпшілігінде су хлорлау арқылы зарасыздандырылады. КСРО кезінде де суды хлормен өңдеу әдісі кеңінен қолданылған болатын. Ал гипохлоритті кішігірім су даярлау станцияларында ғана қолдануға болатындығы айтылатын. Хлорды тасымалдау, сақтау кезіндегі сақтық шараларына ерекше көңіл бөлінетін. Себебі, хлор өте улы газ, ауаға таралып кеткен жағдайда оның орны толмас өкінішке апарып соқтырар еді. Қалай десек те, хлорды белсенділігі төмен гипохлоритке алмастыру онсыз да жағдайы мәз емес эпидемиологиялық және экологиялық ахуалды, су құбырларының бойындағы апатты жағдайларды одан әрі құлдыратары сөзсіз. Тозығы жеткен су құбырлары жағдайында су даярлау станцияларында суды мембраналық технологияларды қолдану, озондау немесе ультракүлгін сәулемен зарарсыздандыру оң нәтиже бермесі анық. Өйткені, тұтынушыға жеткенше су қайтадан ластанады ғой. Сондықтан тұтынушыларға бағасы қымбат емес таза су даярлайтын технологиялар ұсыну қажет.
- Сонымен, суды тазартып, зарарсыздандырудың тиімді жолы қайсы?
- Қазіргі кезде мұндай технологияны Ресейдің «Росэлектрохиминдустрия» корпорациясы ұсынып отыр. Осы корпорацияда суды және оның құрамындағы еріген заттарды электрохимиялық жолмен өзгерту үшін Бахир элементі (МБ) деп аталатын, керамикалық ультрафильтрациялық диафрагмамен жабдықталған модуль түріндегі арнайы электрохимиялық реакторлар жасақталған және сериялы түрде жасалып шығарылады. Ыңғайлы құрылымы және модуль түрінде жасалуы МБ элементтерін тек қана суды электрохимиялық белсендіру емес, сонымен қатар басқа өндірістік технологияларда, мысалы, тұз ерітіндісінен немесе теңіз суынан түрлі қышқылдар мен сілтілер алуға мүмкіндік береді. Басқа өндірістік электролизерлермен салыстырғанда, МБ элементтері концентрациясы жоғары тұзды ерітінділермен жұмыс жасайтын тұтынушыға қажетті өнімдер (хлор, хлор диоксиді, тұз қышқылы, ащы натр, натрий гипохлориті, калий гипохлориті, хлорлы қышқыл) алуға да мүмкіндік береді. Суды электрохимиялық белсендіру технологиясының дәстүрлі технологиялардан артықшылығы оның экологиялық тазалығында, үнемділігі және бірегейлігінде.
- Осы артықшылықтарға тоқталсаңыз?
- Алдымен экологиялық тазалығы жайында айтайын. Суды немесе судың негізінде дайындалған ерітінділерді пайдаланатын технологиялық процестерде, мысалы ауыз суды тазарту және зарарсыздандыруда оларға қосылатын химиялық реагенттердің түрлері мен мөлшерін анағұрлым қысқартуға немесе оларды қоспауға, сондай-ақ дәстүрлі химиялық реагенттерді қолданған жағдайдағы төгінді суларды тазалау қажеттігін барынша қысқартуға немесе оны болдырмауға мүмкіндік туады. Ал технологиялық процестердің тиімділігін айтарлықтай жоғарылату, сол сияқты еңбек, уақыт және материалдық шығындарды төмендету және алынатын ақырғы өнімнің сапасы мен қолданылу қасиеттерін жақсарту арқылы үнемділікке қол жеткізуге болады. Бірегейлігі. Электрохимиялық белсендіру технологиясы электрохимиялық белсендірілген ерітінділерді синтездеу немесе суды тазартудың бірдей технологиялық процестерін, сондай-ақ әртүрлі салаларда қолданылатын электрохимиялық реакторлардың біртекті жүйелерін қолданумен тікелей байланысты. Соның арқасында электрохимиялық белсендіру технологиясы мен техникасы тұтынушылар арасында кең қолданысқа ие болып отыр.
Қазақстанда әлі қолданыста болмағандықтан кейбір ақпараттарды айта кетуді жөн көріп отырмын. Әлемде теңдесі жоқ 60 мыңға тарта СТЭЛ электрохимиялық қондырғысы Ресейдің және әлемнің көптеген қаларындағы ауруханаларда экологиялық таза жуатын, зарарсыздандыратын және стерилизация жасайтын ерітінділер алуға жұмыс жасауда; 30-дан 200 мыңға дейін тұрғыны бар оннан астам қалалар мен елді мекендер әлемде теңдесі жоқ «Аквахлор» қондырғысы арқылы тазартылған және зарарсыздандырылған суды қолдануда; 300 мыңнан астам «Изумруд» Ресей және басқа да елдердің мыңдаған тұрғындарының пәтерлерінде қолданылуда. Суды молекулярлық хлормен (газ немесе сұйық түрінде) зарарсыздандыру ең тиімді, кең қолданылатын және жан-жақты зерттелген технологиялар қатарына жатады. Бұл технология бойынша зарасыздандыру үшін газ түріндегі хлор өңделетін судың аз мөлшерінде ерітіледі де, өңделетін судың негізгі көлеміне қосылады.
«Аквахлор» типтес қондырғыларда өндірілетін оксиданттар қоспасының ерітіндісі әрекет етуі жағынан хлорланған суға ұқсас, бірақ оксиданттар қоспасының ерітіндісі өте жоғары биоцидтық белсенділігімен ерекшеленеді. Оны ауызсуды, төгінді суларды және жүзу бассейндеріндегі суды зарасыздандыру технологияларында пайдалану кезінде зиянды заттардың түзілуін болдырмайды. «Аквахлор» қондырғылары адам үшін де, қоршаған орта үшін де зиянсыз. Ол йодталмаған ас тұзының (NaCl) ерітіндісінен оксиданттар қоспасын бөліп алуға қолданылады. «Аквахлор» қондырғыларында натрий хлоридінің ерітіндісінің электролиздік жаңаша технологиялық процесі қолданылады. Бұл қондырғылар жинақы және өнімділігі жоғары оксиданттар қоспасын өндіру көзі болып табылады. Сондай-ақ ауызсу дайындау станцияларында, кішігірім су тазарту станцияларында, тұрмыстық және өндірістік төгінді суларды тазарту станцияларында, жүзу бассейндерін тазарту жүйелерінде қолданылатын баллондар мен сұйық хлор сақталатын контейнерлерді толығымен алмастыра алады. Қондырғы жеке модуль немесе модульдердің тобы ретінде бірыңғай гидравликалық жүйеге қосылады. «Аквахлор» қондырғысында қолданылатын газ күйіндегі оксиданттар қоспасының өте аз мөлшері қызметкерлердің иіспен уланып қалуына жол бермейді және қолданыста барынша қауіпсіз. Бұл қондырғы қазір әлемнің 80 елінде патенттелген және кеңінен қолданылып жүр. Нидерланды мемлекеті түгелімен осы қондырғыға көшуді жоспарлап отыр. Ал «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС және ірілі-ұсақты ауызсу даярлау станциялары суды зарарсыздандыруда натрий гипохлоритін пайдаланып отыр.
- Қазір «Уатсап» желісінде Израиль ғалымы Бенцион Телянердің 2030 жылға қарай судың сапасыздығынан Ақтауда әр екінші адам онкологиялық ауруға шалдығатыны айтылған хабарлама жүргенін білесіз. Сіздің сөзіңізге қарағанда, бұл ақпарат шындыққа жанасатын сыңайлы...
- Израиль ғалымдарының пікірі де, облыс дәрігерлерінің ауызсуымызға қатысты айтып жүргендері де негізсіз емес. Ащы да болса, шындық осы. Онкологиялық науқас жөнінен облысымыздың алдыңғы қатарда тұруы судың сапасымен тікелей байланысты екені даусыз. Қазақта «ауру астан» деген сөз бар. Сапасыз судың адам ағзасына тигізер зияны айтпаса да түсінікті.
- Күні кеше Премьер-министр Асқар Мамин егер шара қолданбаса, 2025 жылға қарай өңірімізде су тапшылығы екі еседей артатынын айтқан болатын. Ал бізде алтыннан қымбат ауызсуымыз ысырап болып жатқан жоқ па?
- Ысырапқа жол берілетін жайттар да жоқ емес. Елді мекендердегі жасыл желектерді жаз кезінде суаруға, онсыз да жетпей жатқан ауызсу пайдаланылады. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында кәріз суларын тазалау станциялары бар, бірақ екеуінің де тазартылған сулары, Ақтау қаласы бойынша тәулігіне 25-30 мың текше метр, Жаңаөзен қаласы бойынша тәулігіне 7-8 мың текше метр су далаға ағып жатыр. Сол суларды әлгі «Аквахлор» қондырғысы арқылы өткізіп, бойындағы бактерия, микробтардан тазалағаннан кейін қайтадан пайдалануға болады. Осылайша, сол суларды шашау шығармай, елді мекендерді көгалдандыруға, жаз кезінде жасыл желектерді суаруға әбден болады. Бұл ауызсуды үнемдеуге толық мүмкіндік берер еді. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, облыс көлеміндегі барлық су даярлау және тазарту станцияларын және кәріз суларын тазарту мекемелерін «Аквахлор» қодырғысымен жабдықтау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болуы тиіс. Бұл мәселе оң шешімін тапса, экологиялық жағдайы төмен, шөлейтті аймақта орналасқан елді мекендер мен қалаларда тұратын тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, елді мекендерді көгалдандыруға септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар жаңа атап өткен СТЭЛ қондырғысының да пайдасы шаш-етектен. Барлық қоғамдық орындар, ауруханалар мен мектептер үшін таптырмайтын қондырғы. Жергілікті әкімдіктер, құзырлы мекемелер басшылары осы мәселелерді шындап қолға алса, шешілмейтін түйін жоқ және жұртшылықты алаңдатып отырған аурулардың алдын алуға себеп болар деп сенеміз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА