Адамзаттың асыл дініне қара күйе жаққан теріс діни ағымдарды негізінен жастар ұстанып, тарата бастағаны да шындық. Неге? Әлі оңы мен солын танып үлгермеген ұл-қыздар сол жаманшылықты қайдан тауып ала қояды? Әлбетте, оларды оқуда немесе жұмыста аңдып жүріп, азғырушылар көп. Қоғамды аздырып-тоздыру үшін. Өмірлік тәжірибесі аз, ата-ана тарапынан дәл сол жайтқа тыйым салғанын естімеген жасөспірімдер алғашқы үйретушісіне еріп жүре береді... Жақында «Діни алауыздық тудыратын топтардың алдын алу жұмыстарын жетілдіру және ұйымдастыру» тақырыбында өткен семинарда жат діни ағымдардың алдын алу бойынша жүріп жатқан шаралар туралы айтылды. Басқосудың «Профилактикалық және оңалту жұмыстарын жетілдірудің тәсілдері, нәтижелері» туралы тақырыбындағы бірінші секциясында Маңғыстау облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Балғожаева баяндама жасады. Оның айтуынша, дін істері басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Профилактикалық және оңалту жұмыстарын жетілдіру» бойынша негізгі 4 бағытта шараларды жүзеге асырған. Радикалдық идеологияға деген иммунитетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және қарсы насихаттау жұмыстарын жүргізу бойынша басқарма тарапынан түсіндіру жұмыстарының тиімді әдістерін «Асар» және «Caspian bridge» ақпараттық- сараптамалық орталықтары арқылы жүзеге асырып келеді. Деструктивті ағымдардың басты нысаны – жастар екендігі белгілі. Діни ағымдарға қарсы күресте жастар сияқты күш-қуаты мол әлеуметтік топтың мүмкіндігін пайдалану өз уақытында мемлекетіміз үшін пайдасы орасан болары анық. Ол үшін еліміздің кез келген жас азаматы халқының бай тарихынан, ғибраты мол рухани қазынасынан сусындағаны жөн. Осы бағытта «Caspian bridge» ақпараттық-сараптамалық орталығы» жеке меншік мекемесінің ұйымдастыруымен дінді түсіндіруде инновациялық әдістер қолданылды. Соның бірі «Ойыннан - білімге» жобасы. Жобаның басты мақсаты – жастардың патриоттық тәрбиесі мәселесіне салғырт қарамай, осы бағыттағы жастардың бүгінгі проблемаларын жан-жақты зерттеп, олардың өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін жетілдіру, елдің тарихын, дәстүрін қастерлеуге тәрбиелеу. Радикалды діни идеологияның жағымсыз мәнін ашатын екінші озық тәжірибе, Қазақстан азаматтарын экстремистік және террористік әрекетке тартудың тәсілдері мен әдістерін әшкерелейтін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында жоба талабына сәйкес қысқа уақытқа негізделген 4 спектакль жазылып, сахналанды. Сондай-ақ жастар арасында шешендік өнерді насихаттау мақсатында дебаттық сайыстар да жүргізілген. Халқымыздың төл мұрасы — айтыс өнерін жастар арасында кеңінен насихаттап, қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасын дәріптеу, тәуелсіздік құндылықтарын жырға қосып, тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрді Ислам дінімен сабақтастыру, бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта жаңғырту мақсатында оқушылар мен студенттер арасында «Рухани жаңғыру. Салт-дәстүр – тәрбие көзі» атты айтысы жобасы жоғары деңгейде өтіп, жастардың қызығушылығын оятты. Діндар аудиторияларда ұлттық сана мен құндылықтарды дәріптеу мақсатында рухани кештер ұйымдастырылып, Пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен, қазақ тарихындағы тарихи тұлғалар тағылымынан рухани танымдық ойындар өткізілді. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның 1-тармағы діни өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған экстремистік идеяларды бөлісетін адамдар санын азайту мақсатында үш негізгі топпен, яғни, бас бостандығынан айырылғандармен, бостандықтағы азаматтармен (ер, әйел жамағаттары, тіркелмеген діни бірлестік өкілдері, көшбасшылар), «Жусан» гуманитарлық бағдарламасы бойынша елге оралғандармен жұмыс жүргізеді. Бұл топтармен теологиялық жеке сабақ, психологиялық, құқықтық кеңес, әлеуметтендіру, өзін өзі жұмыспен қамту, тарихи-мәдени, спорттық шаралар жүзеге асырылады. Интернет желісінде және әлеуметтік желілерде радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті, діни қатынастар саласындағы радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға және радикалсыздандыруға бағытталған ақпараттық өнімдер дайындау, тарату бағыты да назардан тыс қалмаған. Халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде туындап жатқан жағдайлар, адам айтса сенгісіз оқиғалар кез келген жанды бей-жай қалдырмайтыны анық. Елде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 10-тармағына сәйкес интернет сайттарында және әлеуметтік желілерде радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті, діни қатынастар саласындағы радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға және радикалсыздандыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген. Биыл дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының, оңалту-кеңес беру, бейімдеу жұмыстарымен айналысатын мамандарға арналған 5 семинар-тренинг өткізіліп, оған 200 адам қатысқан. Әр өткізілген семинардан кейін шараның тиімділігін анықтауға негізделген сауалнама қорытындысы бойынша қатысушыларға бұл шаралардың өте пайдалы болғаны айтылып, жоғары бағаланған. Бекет ата орталық мешітінің наиб имамы Юнус Асға қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша өңір мешіттерінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты. Семинардың «Мен қалай рухани жаңғырдым» бөлімінде бұрын мазхабсыз, жат ағымда болып, дін істері басқармасының мамандары, теологтары және мешіттер имамдарының үздіксіз жұмысы арқасында Ханафи мазхабына қайтқандар басынан өткен жайттарды баяндады. - 2008-2015 жылдары теріс ағымда болдым, - деп ағынан жарылды Тұрсынгүл есімді келіншек. - Осы уақыт ішінде бүкіл елді өзіме дұшпан санап жүріппін. Күйеуім екеуміз діни білімді интернеттен алдық. Сондағы уағызшылардың сөздеріне сеніп, сол жылдары жаңадан таралып жатқан Ерсін Әміре, Арман Қуанышбаев секілді ғалымдардың сөздерін тыңдамаппыз. Қазақ ұстаздарды тыңдауға болмайды дегенді санамызға сіңіріп тастағандықтан оларды адасушылар дегенге сендік. Сөйтіп жүргенде жолдасым 15 жылға сотталып кетті. Төрт баламен аңырап, не істерімді білмей, жалғыз қалған кезімде дін істері басқармасынан теологтар, психологтар келіп, менімен жұмыс жасады. Менің қарсылығыма қарамастан тынбай жұмыс жүргізіп, ақыры өздерінің адамгершілігімен, білімділігімен, табандылығымен шындыққа көзімді жеткізді. Осы басқарма мамандарының көмегімен баспаналы болдым, білім алдым. Балаларымды мектепке орналастырды. Олар маған әліге дейін қарайласып, көмек беріп келеді. Олардан көрген жақсылықтарды мен ет жақын туыстарымнан да көрмеппін. Жат ағымда жүргенімда ашушаң болатынмын. Балаларымды да қоғаммен араластырмайтын едім. Қазір балаларым да, өзім де қоғамдық ортаға араласып, көзқарасым өзгерді. Соған қуанамын. Жат ағымдарда жүрген адамдармен жұмыс істеу қиын. Оларды ешкім жақсы қарсы алмайды. Жек көріп тұрады, дұшпан, кәпір санап тұрады. Сонда да бұл кісілер беті қайтып қалмай, оларға тынбастан бара береді, ақылын айтып, дұрыс бағытқа түсуі жолында аянбай жүр. Көп рахмет барлығына да. Алла разы болсын. Осы кісілердің арқасында жан-жағыма басқаша қарайтын болдым, алдымда мақсаттарым да бар. Балаларыма жарқын болашақ сыйлағым келеді. Қатты қателесіп, Сирия асып кеткен қыздардың бірі Назгүл — «Жусан» гуманитарлық бағдарламасы аясында елге оралғандардың бірі. Ол да көзінің жасын төге отырып, біраз шерін тарқатты. - Мен де діни білімді интернеттен алып едім, - деді ол. - Сол жылдары қазіргідей діни білім беретін ұстаздар да, ханафи мазхабын түсіндіретін уағызшылар да, сайттар да жоқ еді. Әлеуметтік желілердегі уағызшылардың нұсқауымен Сириядан бір-ақ шығыппын. Сол жақта жүріп, танысқан қазақ жігітімен некелесіп, қосылдым. Көп ұзамай күйеуім біздің осы жүрісіміз дұрыс емес екенін түсініп, балаларымызбен бірге қашып кетудің амалын қанша қарастырсақ та, кете алмай жүр едік. «Қазақстандықтарды елге алып кетеді екен» деген сүйінші хабарды естіген бойда біз де барып жазылдық. Сөйтіп, бірнеше жыл бойы аңсап күткен күнге де жетіп, биыл мамырда «Жусан» операциясы аясында еліме қайтып келдім. Көпке дейін өзімнің туған жеріме келгеніме сенбей, түс көргендей күй кештім. Балаларымның құжаттары жоқ, оңалту орталығынан шыққасын қайда барып, не қыларымды білмей жүгенімде, дін істері басқармасы қызметкерлерінің көмегімен құжаттарымызды жөндедім. Олардан медициналық та, психологиялық та көмек алдым. Осында келгелі көптеген теологтардан білім алдым. Бірнеше тренингтерге, қатысып, өзімді мазалаған сұрақтарға жауаптар таптым. Қаржылай да, рухани жағынан да көп көмектесті. Олардың барлық жақсылықтарын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сирияда жүргенімізде қазір бармыз ба, жоқ па, белгісіз болатын еді. Енді менің армандарым бар, болашаққа деген сенімім қалыптасты. Балаларыма жақсы білім мен тәрбие берсем деймін. Қателесіп, жаза басқан біз сияқты ұл-қыздарын қараусыз қалырмаған Елбасымызға, мемлекетімізге, дін істері басқармасы мен көмек қолын созған барлық мекмелер қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Ал жастарға айтарым, әлеуметтік желілердегі кім болса, соның уағызын тыңдамаңдар. Бүгінде өзіміздің белгілі ұстаздарымыз бар, соларды ғана тыңдаңыдар. Адасудан Алла сақтасын. Пиғылы арам жат ағым қатарында ағаттық жасап, албырт шағын темір тордың арғы жағында өткізіп келген Ерғали да қатесін түсініп, бабамыз жүрген түзу жолға түскен азамат. Ол да қазіргі жастар не істесе, соны істеген көптің бірі болатын. Ал ол намаз оқып, бұрынғы шалалығын қойған кезде, онысын дұрыс көрген ата-анасы еш қарсылық білдірмеген-ді. Қайдан білсін.. - Барлық жастар сияқты, менің де ұстазым осы әлеуметтік желілердегі жат ағымдар өкілдері болған-ды, - деді ол. - Намаз оқып кеткенім үшін ата-анам қуанған болатын. Адасуымның кесірінен 10 жылымды түрмеде өткіздім. Ол жылдары біздің өз ұстаздарымыз жоқ еді ғой. Өзімізден басқаның бәрін кәпір деп білдік. Біз интернеттен араб тілінде сөйлеп тұрғандарды керемет санадық. Ал қазір осы отырған имамдар арабша жазылған Құраннан да, басқа сұрақтар болса да егжей-тегжейлі түсіндіріп бере алады. Аллаға шүкір осындай дін адамары бізде де болғанына. Осы имамдар, дін істері басқармасының мамандары түрмеге де келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әлі де көмектен аянып қалған кезі жоқ. Алланың разылығы болсын баршасына. Осы отырған барлығыңызды да мұсылман деп сененмін. Қазір менің ойым өзгерді, бұрынғы дростарымның қайда екенін білмеймін, білгім де келмейді. Маған ата-анам мен отбасымнан артық ештеңе жоқ. Солардың жағдайын жасасам, болды. Басқосуға қатысқан имамдар Ерғалидың адасқаннан басқа айыбы жоқ, тәртіпті екенін айтса, «Дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығының» басшысы Бақытгүл Шопанова оған тұрақты жұмыс керек екенін кәсіпорындардан келген өкілдерге жеткізді. Сондай-ақ ол тура жолға қайтқан жастардың аяқталмаған білімін жалғастыруына, жұмысқа орналасуына көмектескен мемлекеттік мекемелерге ризашылығын білдірді. 5 жыл бойы қайғыдан қан жұтқан Дәмежан апа да бір қуаныш, бір қайғысын айтып, ішкі сырын ақтарды. - Немере қызым күйеу баламмен, 2 шиеттей баласымен ешкімге білдірместен кетіп қалды, - деді әже. - Сирия деген бұрын естіп-білмеген жеріміз еді. Күйеу баламның ата-анасы да жер сипап қалды. Тұрмыс жағдайы жақсы, көздері ашық жастар еді. Ондай қадамға неліктен барғанын түсіне алмадық. Олардан айрылып қалғасын бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады, Елбасымызға да хат жаздық. Елбасымыз көреген кісі ғой, өзі басшылық жасап, «Жусан» бағдарламасы арқылы көптеген адасқан балаларды алдыртты. Бұл өте қиын да аса жауапты шаруа. Ана ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысым шексіз. Менің қызым осы бағдарлама бойынша елге оралды. Алайда, әп-әдемі балапаным бір аяғы жоқ... Күйеу балам сол соғыста жоқ болып кеткен екен. Қызым екі баламен елге келе жатқанында, Қазақстанға қайтарылатындар орналасқан казарманы бомбалаған. Сонда менің қызым аяғынан және қасындағы 8 жасар баласынан айрылды. Қанша адамнан тек қызым 4 жасар қызымен және бірнеше сәби тірі қалыпты... Өзімен еріп келген бүлдіршіннің тілі жоқ, сөйлей алмайды. Тек екеуінің аман келгеніне қуанып, соған шүкір дейміз. Енді оларды емдетуіміз керек. Қия басып, қателікке ұрынған балаларымызды ата-ана, бауырларымен қайта қауыштырып жатқан мемлекетімізге көп рахмет. Еліміз аман болсын. Ал өсіп келе жатқан жастарға кім көрінгенге ермей, абай болыңдар деймін. Бұдан кейін семинар «Профилактикалық және оңалту жұмыстарын жетілдіру мәселелеріндегі мемлекеттік және мұнай сервис мекемелерінің рөлі» бойынша ұсыныстар мен пікірлер және «Ақпараттық-түсіндіру топтары, исламтанушы мамандарға арналған біліктілігін арттыру семинары» деп аталған екінші және үшінші секцияларда жалғасты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА