Бұл туралы орталық қызметкері Анна Простетова Қазақстандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Диана Диголмен өткен кездесуде айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Каспий итбалықтарын зерттеу және оңалту бойынша еліміздегі бірінші және жалғыз орталық биыл тамыз айында Ресей мен Ираннан кейін Ақтауда құрылған еді. Мамандар осы уақыт ішінде орталыққа бірде-бір қоңырау түспегенін айтады. Сонымен қатар олар итбалықтарды көрген адамдардан бейжай қалмауды сұрайды. - Итбалықты тапқан адам ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Қорықпай бізге хабарласуға болады. Біз кез келген уақытта, кез келген жерге баруға әзірміз. Бұл жерде біз үшін итбалық өмірін сақтау маңызды, - дейді орталық ветеринары Анна Простетова. Бұл орталықтың жалғыз мәселесі емес. Сондай-ақ мұнда еріктілер жеткіліксіз. Әзірге итбалық өміріне араша сұрап отырған екі ерікті бар. Олардың тілегі - экология жанашырларымен бірлесіп, азайып бара жатқан итбалықтардың өмір сүруі мен көбеюіне қол ұшын созу. - Итбалықтардың өмірі теңіз суының тазалығына тікелей байланысты. Теңіз суын ластап қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп отырған адамдар болғандықтан, енді итбалықтарға адамдардың көмегі ауадай қажет екенін айтқымыз келеді, - дейді еріктілер. Осылайша, орталық мамандары «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп қиын міндетті бірге атқаруға шақырады. Аталған орталықта итбалықтарды қабылдап, арнайы сараптама жасайтын орын және оларды сақтайтын ванналар бар. Итбалықты қорғау мен сақтауға арналған зертханалық кабинеттер де керекті құралдармен жабдықталған. [gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="Суреттер «Сәби» қайырымдылық қорынан" ids="89293,89294"] - Каспий итбалығының популяциясы қалпына келіп, сүтқоректілер еркін өмір сүрсе екен деймін. Ақтаулықтар, жалпы Қазақстанның барлық тұрғындары итбалықтарды құтқару үшін біріксе қуанар едім, - дейді Қазақстандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Диана Дигол. Мамандардың пайымдауынша, итбалықтар елге көктемнің соңғы айларында келеді. Сол уақытта Каспий итбалықтарын зерттеу және оңалту орталығы «Сәби» қайырымдылық қорымен бірлесіп далалық сапарға шығуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлер ретінде Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енгізілген жалғыз сүтқоректілер. Ал 2006 жылы Қазақстанда Каспий итбалықтарын аулауға мораторий енгізілген. Теңіз жағасында итбалықтарды тапқан жағдайда +7 775 101 11 22 нөмірі бойынша Каспий итбалықтарын зерттеу және оңалту орталығына хабарласуға болады. Орталық Ақтау қаласы, 4 шағын аудан, 82/2 мекен-жайында орналасқан.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ