Түркияның Ыстамбұл қаласында жыл сайын «Той» би жобасы өтіп тұрады. Ондағы басты мақсат – түркі тілдес халықтардың мәдениетін біріктіру және мейлінше насихаттау. «Той» фестивалі өнерлерін бір сахнада көрсетуге келген әртістердің үлкен би мерекесі десе де болады.
Биыл осынау ерекше фестивальға Түркия, Қырғызстан, Ресейдің Кабардино-Балкария автономдық округының, Өзбекстанның үздік бишілері, ал Қазақстаннан Астана қаласының мемлекеттік «НАЗ» би театры және Ақтау қаласының «Жорға» би ансамблі қатысты.
- Біз әртүрлі алаңдарда өнер көрсеттік және жалпы алғанда, он концерт бердік, - дейді Абай мәдени-демалыс кешенінің көркемдік бөлім жетекшісі, режиссер, хореограф Серік Сариев. - Маған осы шараның атмосферасы өте ұнады. Біздің өнерімізді қарапайым қала тұрғындары, ересек адамдар тамашалады. Олардың бізді жылы шыраймен, үлкен мейірімділікпен қарсы алғаны сүйсіндірді. Олар үшін орындалған би олардың биі ме, әлде басқа фольклорлық немесе эпикалық нөмірлер ме, маңызды болған жоқ. Көзайымға айналған біздің шығармашылығымыздан ләззат алып, әр қойылымды ду қол шапалақпен қарсы алып, өздерінің шынайы алғыстарын білдірді. Олар концерттен кейін кетпей, бізбен бірге естелік суретке түсуді күтіп тұрды. Басқа тілде айтылған алғыс сөздер, шынайылығы соншалық, түсінікті болды және жүректі тебірентіп жіберді. Бұл сапардан, түркиялықтардың жылы қарсы алудан алған үлкен әсер менің есімде ұзақ жылдар бойы сақталып қалады. Тіл, мәдениет, ұжымдардың әртүрлі би бағытындағы жұмыс ерекшелілігіне қарамастан, бидің ортақ тілінде олар өзенге қосылған жылғадай бірігіп, тұтасып кетті. Бұл бірлесу бәріне мәдениет пен өнердің сүйікті және қол жетімді екендігін дәлелдеуге көмектесті. Басқа халқтардың биін орындай отырып, олардың тілінде сөйлеу міндетті емес. Қозғалыс және хореографиялық лексика, дененің ырғақты қимылы, әртістік шеберлік арқылы, өзінің талантымен, достық үшін орындалып жатқан шығарманың мәнін бишілер көрерменге жеткізе алды. Жобаның барлық қатысушыларына–тамаша бишілер, балетмейстерлер, режиссерлер, техникалық қызмет көрсеткен қызметкерлерге шексіз алғысымды білдіргім келеді. Біздің бос уақытымызды өткізу кезіндегі ұйымдастырушыларды – бізге естен кетпес саяхат ұйымдастырған гидтер, біздің барлық тілегімізді орындап, өте дәмді таңғы, түскі, кешкі аспен қамтыған аспаздарға да рахмет. Бұл көптеген адамдардың еңбегі, олардың әрқайсысы өздерінің жұмыстарын шын жүректен, шынайы атқара отырып, біз үшін ең үздік адамдар бола білді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Шыңырау» фильмінің трейлері шықты (ВИДЕО)
Би мейрамына қатысушылардың айтуынша, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты айғақтаған «Той» фестивалі түрлі мәдениеттің бір бағдарламаға құйылып, әр халықтың өзінің тарихы, мәдениеті, әдеп-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, өзіндік және қайталанбас ерекшелігі туралы би арқылы айтып беруге мүмкіндік береді. Бауырлас елден қуанышты оралған жерлестеріміз Түркия Республикасының ең үздік сахналарында қызу қанды көрермендермен тағы да қауышып, өнер көрсету сәтін асыға күтетіндерін жасыра алмады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА