Бұған дейін Астана қаласында өткен «Ақкөгершін» ХII халықаралық фестиваль–конкурсынан жүлделі оралған түпқарағандық Ақнұр Ағдал туралы сүйіншілете жазған болатынбыз. Алда Алматы қаласында өтетін «Қазақстан таланттары» деген тағы бір халықаралық байқауға бапталып жатқан Ақнұр төрт жыл бойы домбыра сыныбында тәлім алып келе жатыр екен.
Бұған дейін де талай байқауларда өнерімен тәнті қылып жүрген ол Атырау қаласында өткен «Жадыра, жастар!» байқауынан екінші дәрежелі лауреат және республикалық «Каспий жұлдыздары» байқауынан бірінші дәрежелі лауреат атанды.
Өнер өресі биік Ақнұрдың арманы асқақ. Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйі мен Мұрат Өскінбаевтың «Жеңіс» күйін орындап, берісі Қырғызстаннан, әрісі Ресейден келіп қатысқан талантты балалар арасынан халықаралық байқауда бағы мен бабын оздырған жас домбырашы болашақта да домбыраны жанына серік етіп, Дина апасы сияқты күйші, домбырашы болуды армандайды. Ол үшін әлі де іздену мен білімін жетілдіріп, жаттығудың керек екенін де жақсы біледі. Болашақта өзін өнердегі ұстаз ретінде елестетіп қоймай, шәкірт тәрбиелеп, ұстаз болуды армандайтын Ақнұр байқаудан алған әсерімен де бөлісті:
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кәсібіне адалдық Маңдайлы Қосымбайды абыройға бөлеп, елге танытты- Байқау халықаралық болғасын талаптары да жоғары. Бұл жерде мықты балалармен бақ сынастым. Еңбек негізі ұстаздарымның нәтижесі деп білемін. Олардың мені додаға салуға баптап, бәйгеге қосуы, менің өнеріме деген сенімдері мені жеңіске жетелейді. Осы жерде ұстазым Эльмира Дәулетияроваға алғысымды білдіргім келіп тұр. Өзге де мені бәйгеге баптап, жанын сала көмектескен азаматтар көп. Ауыл болып маған демеушілік жасап, үмітімді үкілеген азаматтарға алғысымды білдіремін. Мен бұл байқауға қатысады дегеннен ауыл кітапханасындағы кітапханшы апайымыз Нұрсұлу Өтепқалиева Алғыс айту күніне орай мені кітапханаға шақырып, кеш өткізген болатын. Сол жерде менің байқауға баратыным туралы, оған жол шығыны сияқты қаражат жетіспей тұрғандығы сөз болып, дәл сол жерде бастама көтеріліпті. Кейін сол кешке қатысқан ауыл азаматтары маған демеуші болды (Ол азаматтар есімі өткен №18 (908) 5 сәуір 2018 жылғы газет санында айтылды). Менің тіпті байқауда киетін костюмімді де этностильде және жасыма лайық етіп таңдауға Жаңылсын апайым көмектесіп, аудан орталығынан алдырды. Барша тілеулес болған ауылыма алғысым шексіз! - дейді жас өнерпаз.
Милана ЕЛЕУСІНОВА