23 шілде күні Түпқараған аудандық мәслихатының кезекті отыз екінші сессиясы өтті. Оған аудан әкімі А.Хамиев, аудан әкімінің орынбасары, қала және ауыл әкімдері, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары қатысты. Отырысты №1 сайлау округінің депутаты Айкумис Досанова жүргізді. Сондай-ақ ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуының 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындылары жөнінде аудан әкімі А.Хамиевтің есебі тыңдалды. 2019 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстарға тоқталған аудан әкімі А.Хамиев аудандағы халық саны 31972 болып өскенінен бастады. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі, ауылшаруашылық саласы, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің алдыңғы жылмен салыстырғандағы көрсеткіштерін айтты. – Ауданда тұрғын үй құрылысын дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. 2015 жылдан бері ауданда бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Қазіргі кезеңде 600-ден астам адам кезекте тұр. Осыған орай, Форт-Шевченко қаласынан 48 пәтерлік 1 тұрғын үй және 8 пәтерлік 2 тұрғын үй құрылысы басталды. сонымен қатар, 16 пәтерлік 1 тұрғын үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Бұл үйлердің құрылысының аяқталып, тапсырылуымен бірге ауданымыздың 80-ге жуық тұрғыны қоныс тойын тойлайтын болады, - деді ол. Сонымен қатар, елдімекендердің ауылішілік жолдарын асфальттау жұмыстары бойынша Ақшұқыр ауылында 12,1 шақырымды құрайтын 2 автомобиль жолын асфальттау ісі басталғандығы, Ақшұқыр-2 ауылының 1-2-3-4 орамдарын газбен жабдықтау, Сайын Шапағатов селосының жаңа 6 кварталын газбен қамту мәселелері бойынша қаражат көздері қарастырылғаны және Форт-Шевченко қаласының Жаңа Кетік аумағынан 900 участокке газ желісін тартуға мердігер компаниямен келісім-шарт жасақталғаны да баяндалды. Аудан тұрғындары тарапынан мәселе болып көтеріліп, бүгіндегі күн тәртібінде қаралып жүрген Форт-Шевченко қаласындағы ауыс су тапшылығы, Ақшұқыр және Сайын ауылдарының теңіз жағасындағы үйлердің инжинерлік инфрақұрылыммен қамтылмаған бөлігіне жоба жасақтау, Таушық ауылына газ тарту, Жаңа Кетік аумағына газ және асфальт салу мәселелері де осы жылы кезең-кезеңімен жасалатыны айтылды. Сессия соңында аудан әкімі А.Хамиевке аудан депутаттары бірнеше ұсыныс жолдады. Түпқараған аудандық мәслихатының 2019 жылғы 23 қаңтардағы №28/227 «2019 - 2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Түпқараған аудандық мәслихатының 2016 жылғы 8 шілдедегі №4/30 «Түпқараған ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілуі және жинақталу нормаларын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізілді. Алтыншы сайланған Түпқараған аудандық мәслихатының №4 сайлау округінің депутаты Ашикбаева Ляззат Калмуратовнаның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданды. Аудандық мәслихаттың отыз үшінші сессиясының төрағасы болып, аудандық мәслихаттың №5 сайлау округінің депутаты Рысмұхамбетов Рустам Мирұлы сайланды.