Маңғыстауда тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда облыста тегін дәрі беру процесі SMS-хабарлама арқылы бақыланып отыр. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» («ӘМСҚ») келтірген дерек бойынша, биыл сәуір-маусым айларында республика бойынша тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына шамамен миллионнан астам SMS-хабарлама жіберілген болатын. SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, Қорға 27 798 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 4 137 пациенттің дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды. Дәрі-дәрмектің қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары жолдаған. Сондай-ақ, бұл мониторинг жазылған рецептілер мен қолма-қол берілген дәрі саны бір-біріне сәйкес келмейтін 10 медицина ұйымын анықтауға мүмкіндік берді. Олардың қатарында Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жалағаш АОА, Қызылорда облыстық медицина орталығы, Маңғыстау облысындағы №1 Ақтау қалалық емханасы, Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан аудандық орталық ауруханасы, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасы, Түркістан облысындағы Түлкібас аудандық орталық ауруханасы, Алматы облысындағы Талғар және Іле аудандық аудандық орталық ауруханалары бар. Заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында алынған мәліметтер өкілетті мемлекеттік органдарға жіберіліп отыр. Ал «ӘМСҚ» Маңғыстау филиалы келтірген мәлімет бойынша, дәрі-дәрмек үйлестіру бойынша алғашқы жартыжылдықта 61 заңсыз жағдай (дефект) анықталып отыр. Сол себепті емханалар есебінен 1 258 478 теңге көлемінде қаржы қысқартылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмек пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі басшысы Тимур Мәлікұлы тегін дәрі алатын тұрғындар емханаға барып, телефон нөмірін қалдыру қажеттігін айтады. Өйткені, көпшілік тұрғындардың телефон нөмірлері дұрыс емес немесе қалдырмаған. Ескерте кету керек, тегін дәрі-дәрмек тиесілі тұрғындардың телефонына хабарлама келеді. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетіледі. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттер SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдай алады немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалса болады.
Айгүл ДӘДЕН, «ӘМСҚ» Маңғыстау филиалы